Көгалдандырылған көше, саялы ағаш, таза аула – кез келген елді мекенге ерекше көрік береді. Бірақ жасыл желектің мәні тек сыртқы сұлулықпен шектелмейді. Ол қоршаған ортаның жайлылығына, ауаның сапасына және адамдардың өмір сүру ортасына әсер етеді.
Сондықтан «Таза Қазақстан» аясындағы көгалдандыру жұмыстарына экологиялық мәдениеттің маңызды бағыты ретінде қарауға болады. Ағаш отырғызу – істің бастауы ғана. Оны суарып, күтіп, қорғау – одан да үлкен жауапкершілік.
Бұл ретте тұрғындардың белсенділігі ерекше маңызды. Бір талдың жайқалып өсуі үшін уақыт пен тұрақты күтім қажет. Ал бүгін отырғызылған көшет бірнеше жылдан кейін елді мекеннің ажарын айқындайтын жасыл желекке айналуы мүмкін.
Табиғатты қорғау үлкен бастамалардан ғана тұрмайды. Бір талды сындырмау, гүлді таптамау, көгалға зиян келтірмеу сияқты қарапайым әрекеттер де экологиялық мәдениеттің көрсеткіші.
Бүгін егілген ағаш – ертеңгі ұрпаққа қалатын көлеңке.
Г.СӘДУАҚАС


