Бүгінгі жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың қоғамдық бастамаларға белсенді араласуы елді мекендердің дамуына ғана емес, қоршаған ортаға деген көзқарастың өзгеруіне де ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда «Таза Қазақстан» бастамасының маңызы зор.
Ауданымызда ұйымдастырылып жатқан тазалық және абаттандыру шараларына жастардың қатысуы қуантады. Сенбіліктерде көшелер мен қоғамдық аумақтарды тазалау, ағаш отырғызу, гүл егу сияқты жұмыстар атқарылып, жастар туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді. Мұндай шаралар олардың еңбекқорлығын арттырып қана қоймай, табиғатты аялауға және қоғамдық жауапкершілікке тәрбиелейді.
Жастардың тазалық мәдениетін қалыптастыруы – болашақ үшін аса маңызды. Себебі бүгінгі қалыптасқан әдет ертеңгі қоғамның мәдениетін айқындайды. Өз ауласын, көшесін таза ұстайтын, табиғатқа жанашырлықпен қарайтын жас – елінің болашағына бейжай қарамайтын азамат.
Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстарды жастар арасында кеңінен насихаттау қажет. Белсенді әрі жауапты ұрпақтың күшімен ауданымыздың тазалығы мен көркі арта түсетіні сөзсіз.
Ж.ЖОЛАМАНОВА,
аудан тұрғыны, зейнеткер


