Заңға құрмет – тұрақты қоғамның берік негізі

Қоғамның тыныштығы мен елдің тұрақты дамуы ең алдымен заңның үстемдігіне байланысты. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпті құрметтеген жағдайда ғана қауіпсіз әрі әділетті орта қалыптасады. Сондықтан заңға бағыну – тек міндет емес, елдің ертеңіне деген жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Бүгінде құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл міндетті жүзеге асыруда құқық қорғау органдарымен қатар жергілікті атқарушы органдар, білім беру ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер және белсенді азаматтар да өз үлестерін қосып келеді.

Махамбет ауданында да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Тұрғындар арасында түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, жастарға құқықтық тәрбие беру, интернет алаяқтықтың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жол-көлік оқиғаларының және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ақпараттық-насихат жұмыстары тұрақты өткізілуде. Мұндай іс-шаралар тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттырумен қатар, заңға деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.

Қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты сақтау – тек жауапты мекемелердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Өз құқығын біліп қана қоймай, өзгелердің де құқығын құрметтеу, қоғамдық орындарда мәдениеттілік таныту, заң талаптарын бұлжытпай орындау – өркениетті қоғамның басты белгілері.

Заң үстемдігі орныққан жерде әділдік те, тұрақтылық та салтанат құрады. Сондықтан заңға құрметпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бұл – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың және келер ұрпаққа өнегелі орта қалдырудың маңызды кепілі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT