Жас ұрпақ – елдің ертеңі. Сондықтан жастардың білімді, тәрбиелі болуымен қатар, өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білуі маңызды. Құқықтық сауаты жоғары жас өз әрекетінің салдарын түсініп, заң талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарайды.
Қазіргі таңда жасөспірімдер түрлі ақпаратты әлеуметтік желілерден жылдам қабылдайды. Осыған байланысты олардың құқықтық сауатын арттыру, күмәнді ортадан сақтандыру және заң талаптарын түсіндіру – маңызды міндеттердің бірі. Мектептегі тәрбие жұмыстары, құқық қорғау органдарының кездесулері және ата-ананың бақылауы бұл бағытта өзара сабақтас жүргізілгені жөн.
Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу тек жазалау шараларымен шектелмеуі керек. Оның басты бағыты – құқық бұзушылыққа алып келетін себептердің алдын алу. Бос уақытты тиімді ұйымдастыру, спорт пен шығармашылыққа тарту, қоғамдық жұмыстарға қатыстыру жасөспірімнің ортаға бейімделуіне оң ықпал етеді.
Сонымен бірге ата-ананың бала тәрбиесіне көңіл бөлуі де ерекше маңызды. Баламен ашық сөйлесу, оның ортасын білу, мәселесін тыңдау және дұрыс бағыт көрсету көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алуға көмектеседі.
Құқықтық мәдениет балалық шақтан қалыптасады. Заңды білетін және өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын жас – ел болашағының берік негізі. Сондықтан жастар арасында заң мен тәртіп құндылықтарын кеңінен насихаттау – барша қоғамның ортақ міндеті.
Г.Сәдуақас


