Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі

Заң мен тәртіп туралы сөз болғанда, көп жағдайда полиция, сот немесе жаза туралы ойлаймыз. Алайда заң мен тәртіптің мәні әлдеқайда кең. Ол – азаматтың өзін қауіпсіз сезінуі, өз құқығын білуі және қоғамдағы әр адамның ортақ ережеге құрметпен қарауы.

Тәртіп тек полиция бақылаған жерде ғана сақталмауы керек. Адам көшеде, жұмыста, қоғамдық орында, интернетте де заң талаптарын орындауға жауапты. Өйткені қоғамдағы тәртіп бір ғана мемлекеттік органның әрекетінен емес, миллиондаған адамның күнделікті мінез-құлқынан қалыптасады.

Осы тұрғыдан алғанда, құқық бұзушылықтың алдын алу ерекше маңызға ие. 2026 жылғы 2 наурыздан бастап «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» жаңа заң күшіне енді. Оның негізгі бағыттарының бірі – құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын анықтап, оларды жою және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейту.

Бұл – құқық қорғау саласындағы маңызды көзқарастың өзгергенін көрсетеді. Яғни қылмыс жасалғаннан кейін ғана әрекет ету жеткіліксіз. Қылмысқа жағдай жасайтын себептерді алдын ала анықтап, оны болдырмауға ұмтылу қажет.

Мысалы, қоғамдық орындардың жарықтандырылуы, бейнебақылау, қауіпсіз аумақтарды анықтау, жастар арасындағы профилактикалық жұмыстар – сырт көзге қарапайым шаралар болғанымен, олардың барлығы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

Заңды білу де осы мәдениеттің бір бөлігі. Өз құқығын білетін азамат алаяқтыққа, қысымға немесе басқа да заңсыз әрекетке тап болғанда не істеу керегін түсінеді. Ал өз міндетін білетін адам өзінің әрекеті басқа азаматтардың құқығына әсер ететінін ескереді.

«Заң мен тәртіп» қоғамға сырттан енгізілетін ұғым болмауы керек. Ол әр адамның ішкі ұстанымына айналғанда ғана тұрақты нәтиже береді.

Мемлекет заңның орындалуын қамтамасыз етеді. Құқық қорғау органдары қауіпсіздікті қорғайды. Бірақ қоғамның өзі де осы жүйенің белсенді қатысушысы болуы тиіс.

Заң үстемдік еткен жерде сенім қалыптасады. Тәртіп орныққан жерде қауіпсіздік болады. Ал қауіпсіз қоғам – елдің тұрақты дамуының басты негіздерінің бірі.

 

Г.ЖОЛДАСҚАЛИ

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT