Қоғамның тазалығы бір ғана мекеменің немесе белгілі бір топтың жұмысына байланысты емес. Ол – әр азаматтың ортақ іске қосқан үлесінен құралады. Бір адам көшеге қоқыс тастамаса, екіншісі ағаш отырғызса, үшіншісі аула тазалығына жауапкершілікпен қараса, мұның бәрі елдің көркеюіне әсер етеді.
«Таза Қазақстан» аясында атқарылып жатқан жұмыстар адамдарды ортақ іске жұмылдырып келеді. Сенбіліктерде тұрғындар аулаларды тазалап, көшелерді ретке келтіріп, ағаштар отырғызуда. Ең маңыздысы – мұндай шаралар адамдарға тазалықтың мәнін түсіндіріп, туған жерге деген жанашырлықты күшейтеді.
Әсіресе жастардың бұл іске белсенді араласуы қуантады. Өйткені бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі. Қоршаған ортаға ұқыпты қарайтын, қоғамдық орындарды таза ұстайтын ұрпақ қалыптасса, бұл бастаманың нәтижесі ұзақ уақытқа жалғасады.
Тазалық – сыртқы көрініс қана емес, ішкі мәдениеттің белгісі. Өз үйін таза ұстаған адам өз көшесіне де, қаласына да, туған жеріне де жанашырлықпен қарайды. Сондықтан «Таза Қазақстан» әрқайсымыздың күнделікті әрекетімізден басталуы керек. Елдің тазалығы – ел азаматтарының жауапкершілігі.
Г.СӘДУАҚАС



