Астана қаласында өткен Еуразиялық экономикалық форум аясындағы «Жасанды интеллект және бәсекелестіктің жаңа парадигмасы: ЕАЭО трансшекаралық нарықтарын дамытудың қатері ме әлде драйвері ме?» тақырыбындағы панельдік сессияда қазіргі цифрлық дәуірдің ең өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Әсіресе жасанды интеллект технологияларының экономиканы дамытудағы рөлі мен цифрлық нарықтарға ықпалы маңызды бағыт ретінде көтерілді.
Бүгінде әлем елдері жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға басымдық беріп отыр. Осы ретте Қазақстанның да цифрлық инфрақұрылымды дамыту, есептеу қуаттарын арттыру, мамандар даярлау және заңнамалық базаны жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келе жатқаны қуантады. Еліміздің жасанды интеллектті енгізуге дайындығы бойынша Орталық Азияда көшбасшы атануы — осы еңбектің нақты нәтижесі.
Форум барысында мемлекеттік басқару жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу, Smart Data Ukimet платформасының мүмкіндіктері және жоғары өнімді суперкомпьютерлік кластерлер жұмысы жөнінде айтылған мәліметтер Қазақстанның технологиялық даму жолында нық қадам жасап келе жатқанын көрсетті.
Сонымен қатар адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлінуі де маңызды. Жасанды интеллект мектебінің ашылуы, жоғары оқу орындарындағы AI Sana бағдарламасының енгізілуі — болашақ мамандардың заман талабына сай білім алуына мүмкіндік береді.
Қазіргі кезеңде жасанды интеллект тек технологиялық жаңалық емес, экономикалық өсім мен бәсекеге қабілеттіліктің басты тетігіне айналып отыр. Сондықтан мұндай халықаралық форумдар тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларды қолдауға және цифрлық дамуды жеделдетуге үлкен серпін береді.
А.БАЙҒАЛИЕВА,
МАХАМБЕТ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ

