Ауыл өмірінің өзіне тән ерекшелігі бар. Мұнда адамдар бір-бірін жақсы таниды, көршімен аралас-құралас болады, бір-бірінің қуанышына да, қиыншылығына да ортақтасады. Осындай ортада тәртіптің маңызы ерекше сезіледі.
Ауылдағы қоғамдық тәртіп тек заң талаптарын орындаумен шектелмейді. Ол — үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, көршімен сыйластық, ортақ мүлікке ұқыпты қарау сияқты құндылықтармен де тығыз байланысты.
Мысалы, ауылдағы балалар алаңы немесе спорттық нысан белгілі бір адамның емес, барша тұрғынның ортақ игілігі. Оны бүлдірмеу, таза ұстау — заңды ғана емес, адамгершілік жауапкершілікті де білдіреді.
Жолдағы қауіпсіздік те маңызды. Ауыл ішінде көлік жүргізгенде жылдамдықты сақтау, жаяу жүргіншіге жол беру, балаларға абай болу — бір қарағанда қарапайым талаптар. Бірақ осы қарапайым ережелердің сақталуы адам өмірін қорғауға тікелей әсер етеді.
Қоғамдағы тәртіп тек жазадан қорыққан кезде сақталмауы керек. Адам «мені ешкім көріп тұрған жоқ» деген сәтте де дұрыс әрекет жасай алса, міне, нағыз тәртіп сол.
Ауылдағы бір адамның жауапсыз әрекеті бүкіл ортаға әсер етуі мүмкін. Сол сияқты бір адамның үлгілі әрекеті де өзгелерге сабақ болады.
Заң мен тәртіп үлкен қалалардан ғана басталмайды. Ол әр үйден, әр отбасынан, әр ауылдан басталады. Себебі елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі күнделікті өмірдегі осындай қарапайым тәртіптен құралады.
Тәртіпті ауыл — тыныш ауыл. Ал тыныш ауыл — мықты елдің негізі.
Г.СӘДУАҚАСОВА



