«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Тазалық мәселесі тек сенбіліктер өткізумен шектелмейді. Ол – әр азаматтың күнделікті өмір салты мен туған жерге деген жанашыр көзқарасының көрінісі.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде абаттандыру, көгалдандыру және аумақтарды қоқыстан тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шараларға мемлекеттік мекемелер, еңбек ұжымдары, жастар және еріктілер белсенді қатысып келеді. Ағаш отырғызу, қоғамдық орындарды күтіп ұстау және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар қоршаған ортаның жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.
Таза қоршаған орта – денсаулықтың, жайлы өмірдің және келешек ұрпақтың жарқын болашағының кепілі. Сондықтан табиғатты аялау мен тазалықты сақтау әркімнің азаматтық парызы болуы тиіс. «Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаты да – туған жерге деген құрметті арттырып, таза әрі көркейген ел қалыптастыру. Бұл игі іске әр азамат өз үлесін қосқанда ғана оның нәтижесі айқын болмақ.


