Қоршаған ортаны қорғау туралы сөз қозғағанда, оның негізі отбасында және мектеп қабырғасында қалыптасатынын ескерген жөн. Тазалықты көзбен көріп қана қоймай, оны өз қолымен жасап үйренген бала табиғатқа басқаша қарай бастайды.
Аудан көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» шаралары осы тұрғыдан алғанда жастар үшін де тағылымы мол бастамаға айналып отыр. Оқушылар, студенттер мен жас еріктілер түрлі тазалық жұмыстарына қатысып, қоғамдық орындарды ретке келтіруге өз үлестерін қосуда.
Мұндай шара кезінде жастар тек қоқыс жинап қана қоймайды. Олар айналаға зер салып, табиғатқа ұқыпты қараудың қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Біреудің жерге тастаған қоқысын көтеру, арнайы орынға апару немесе жас көшетті таптамай айналып өту сияқты қарапайым әрекеттердің өзі экологиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.
Жастардың белсенділігі үлкендерге де ой салады. Себебі қоршаған ортаның тазалығы бүгінгі ұрпақтың ғана емес, ертеңгі буынның да өміріне әсер етеді. Қазіргі жас буын табиғатты қорғауға ертерек араласқан сайын, бұл әдет олардың күнделікті өмір салтына айналады.
«Таза Қазақстан» бастамасының тәрбиелік маңызы осында. Тазалықты міндет деп қабылдау бір бөлек, оны ішкі мәдениетке айналдыру бір бөлек. Екіншісіне жету үшін нақты әрекет пен жақсы үлгі қажет.
Жастардың бүгінгі еңбегі ертең өз жемісін береді. Таза көше, көгалды аула, ұқыпты қоғамдық орын – мұның барлығы қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің нәтижесі. Ал тазалықты бағалайтын ұрпақ бар жерде туған жердің де болашағы жарқын болмақ.
Г.СӘДУАҚАС,
аудан тұрғыны, белсенді жас



