Тазалық – ортақ мәдениет, ортақ міндет

Тазалық – тек қоршаған ортаның әсемдігі емес, ол әр адамның мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Ауладан басталған ұқыптылық көше тазалығына, ал көше тазалығы тұтас ауданның келбетіне оң әсер етеді. Сондықтан тазалықты сақтау – арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті.

Бүгінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданымызда тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер, қоғамдық орындар, саябақтар мен әлеуметтік нысандардың аумақтары ретке келтірілуде. Бұл жұмыстар ауданның ажарын айшықтап қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етуде.

Туған жердің тазалығы – оны мекендейтін адамдардың жанашырлығына байланысты. Қоқысты бей-берекет тастамау, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, табиғатты аялау сияқты қарапайым әрекеттер үлкен өзгерістердің бастауы бола алады. Әрбір азамат осы қағиданы ұстанғанда ғана ауданымыз таза, көрікті әрі жайлы мекенге айналады.

Тазалық – бір күндік науқан емес, ол күнделікті өмір салты болуы тиіс. Табиғатты қорғап, туған өлкеміздің көркеюіне үлес қосу – бүгінгі ұрпақтың келешек алдындағы маңызды міндеті. Бірлескен еңбек пен жауапкершіліктің арқасында ғана ауданымыздың тазалығы сақталып, «Таза Қазақстан» бастамасының мақсаты толық жүзеге асады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT