Экологиялық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Оның негізі отбасындағы қарапайым тәрбиеден басталады. Балаға қоқысты арнайы жәшікке тастау, суды ысырап етпеу, табиғатты ластамау, өсімдіктерге қамқорлық жасау сияқты қарапайым әрекеттерді үйрету – қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеудің алғашқы қадамы.
Бүгінде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән берілуде. Өйткені елді мекендердің тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына байланысты емес. Мұнда әр тұрғынның жауапкершілігі маңызды. Бір адам қоқыс тастамаса, екінші адам тазалықты сақтаса, үшіншісі айналасына үлгі көрсетсе, бұл әрекеттер біртіндеп қоғамдық әдетке айналады.
Экологиялық мәдениетті дамыту жөніндегі 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамада халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру, саналы тұтыну, қалдықтарды сұрыптау, табиғи ресурстарды үнемдеу және экологиялық іс-шараларға белсенді қатысу маңызды бағыттар ретінде белгіленген.
Осы ретте балалар мен жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлудің маңызы зор. Мектептерде экологиялық тақырыптағы кездесулер мен акциялар ұйымдастыру, сенбіліктерге қатыстыру, ағаш отырғызу және табиғатты қорғау шараларына тарту арқылы жас ұрпақтың туған жерге деген жанашырлығы қалыптасады.
Тазалықты сақтау үшін міндетті түрде үлкен іс жасаудың қажеті жоқ. Қоқысты жерге тастамау, өз аулаңды таза ұстау, табиғат аясында демалғаннан кейін артынан қоқыс қалдырмау – әр адамның қолынан келетін іс. Осындай қарапайым әрекеттер көпшілікке ортақ дағдыға айналғанда ғана таза әрі жайлы орта қалыптасады.
«Таза Қазақстан» – тазалыққа шақыратын ғана емес, жауапкершілікке тәрбиелейтін бастама. Ал жауапты қоғамның негізі әр отбасының күнделікті әдетінен басталады. Сондықтан туған жердің тазалығына үлес қосу – баршамызға ортақ міндет.
Г.Сәдуақас


