Таңертең қала оянбай тұрып жұмысын бастап кететін адамдар бар. Бірі көшені сыпырады, бірі қоқысты жинайды, енді бірі саябақтағы ағаштарды күтіп-баптайды. Көпшілік оларды күнделікті көргенімен, еңбегіне көп мән бере бермейді.
Ал таңғы қала дәл осы адамдардың еңбегінің арқасында таза көрінеді.
«Таза Қазақстан» бастамасы тазалық жұмыстарының маңызын көрсетумен бірге, осы істі атқарып жүрген еңбек адамдарының қадірін түсінуге де себеп болады. Қоғамдағы жайлылық өздігінен пайда болмайды. Оның артында уақытын, күшін жұмсайтын қарапайым еңбек иелері тұр.
Бірақ тазалық қызметкерінің еңбегін құрметтеудің ең дұрыс жолы – оған қосымша жұмыс қалдырмау. Қоқысты кез келген жерге тастамау, қоғамдық орынды бүлдірмеу, табиғатқа ұқыпты қарау – үлкен алғыс айтқаннан да маңызды.
Таза қалаға қарап, біз көбіне оның нәтижесін ғана көреміз. Ал сол нәтижеге жеткізген адамдардың еңбегі көзге көрінбейді.
Тазалықтың ең үлкен бағасы – оны біреудің міндеті деп емес, ортақ жауапкершілік деп түсіну.
Г.СӘДУАҚАС


