Таң сібірлеп атқаннан ауыл көшелерінде тіршілік басталады. Бірі жұмысқа асықса, енді бірі ауласын ретке келтіріп, есік алдын сыпырып жүр. Ауылдың ажары алыстан көзге түсетін ғимараттарымен емес, ең алдымен тазалығы және жинақылығымен өлшенетіні белгілі.
Осы ретте «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аудан аумағында тазалық мәдениетін қалыптастыруға жаңа серпін беріп отыр. Елді мекендерде көшелер мен қоғамдық орындар ретке келтіріліп, айналаны тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстары атқарылуда. Қоқыс жиналған орындар тазаланып, бейберекет жатқан аумақтардың көрінісі өзгеріп келеді.
Алайда тазалықты бір күндік сенбілікпен шектеуге болмайды. Оның нәтижесі ұзақ сақталуы үшін әр тұрғын өз ауласы мен көшесіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Бір үйдің алдындағы тазалық екінші үйге үлгі болып, осылайша тұтас көшенің келбеті өзгереді.
«Таза Қазақстанның» негізгі мәні де осында. Бұл – белгілі бір мекеменің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Таза көшеде жүріп, жинақы аулада өмір сүру адамның көңіл күйіне де әсер етеді.
Ауылдың көркі – халықтың қолында. Бүгін тазаланған көше, ертеңгі ұрпаққа қалатын таза ортаның негізі. Сондықтан тазалыққа немқұрайлы қарамай, оны күнделікті әдетке айналдыру – әр азаматтың туған жеріне жасаған қарапайым қамқорлығы.
Г.ЖОЛДАСҚАЛИҚЫЗЫ



