Қоршаған ортаның тазалығы – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың да мәселесі. Табиғатты қорғау туралы көп айтуға болады, алайда оның нақты нәтижесі күнделікті әрекеттен басталады. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» бастамасының қоғам үшін маңызы зор деп есептеймін.
Махамбет ауданында тазалық пен абаттандыру жұмыстарының жүргізілуі елді мекендердің ажарын ашып қана қоймай, тұрғындардың ортақ іске деген белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Сенбіліктерге қатысу, көшелерді тазалау, ағаштар мен жасыл желектерге күтім жасау – табиғатқа деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Бірақ мұндай жұмыстар белгілі бір акция кезінде ғана емес, жыл бойы жалғасатын әдетке айналуы қажет.
Тазалықты сақтау үшін үлкен мүмкіндік немесе ерекше жағдай күтудің қажеті жоқ. Қоқысты жерге тастамау, айналаны таза ұстау, табиғатты ластамау – әрқайсымыз жасай алатын қарапайым қадамдар. Осындай шағын әрекеттер біріге келе үлкен нәтижеге жеткізеді. Сондықтан таза аудан құру – бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Г.ЖОЛДАСҚАЛИ


