Таза орта – ортақ жауапкершілік

Қоршаған ортаның тазалығы – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осы бағытта елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы елді мекендерді абаттандыруға, табиғатты қорғауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба.

Ауданымызда аталған бастама аясында тазалық жұмыстары, сенбіліктер, аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл жұмыстарға мемлекеттік мекеме қызметкерлері ғана емес, жастар, еңбек ұжымдары және тұрғындар да белсенді қатысып, өз үлестерін қосуда. Әрбір тазартылған көше, ретке келтірілген аула мен отырғызылған тал – туған жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі.

Дегенмен тазалықты тек арнайы акция кезінде ғана емес, күнделікті өмір салтына айналдыру маңызды. Қоқысты белгіленген орынға тастау, қоғамдық орындарды таза ұстау, табиғатты қорғау – қарапайым болғанымен, үлкен нәтижеге жеткізетін әрекеттер.

«Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес, ортақ мәдениетті қалыптастыратын игі бастама. Ауданымыздың тазалығы мен көркеюі әрқайсымыздың жауапкершілігімізден басталады. Туған жерді таза ұстау – бүгінгі ұрпақтың міндеті, келешекке қалдырар жақсы үлгісі.

 

Г.СӘДУАҚАСОВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT