«Таза Қазақстан» – туған жерге жанашырлықтың нақты көрінісі

Туған жердің тазалығы – әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігін айқындайтын маңызды өлшем. Көшенің көркі, саябақтардың тазалығы, көгалдандырылған аулалар мен күтіп-бапталған қоғамдық орындар – елді мекеннің келбетін ғана емес, ондағы тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасын да көрсетеді. Сондықтан табиғатты қорғау мен тазалықты сақтау күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.

Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы еліміздің барлық өңірінде кең қолдау тауып келеді. Бағдарлама аясында ұйымдастырылатын жұмыстардың басты мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, туған жерге деген жанашырлықты арттыру.

Махамбет ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Аудан көлемінде сенбіліктер өткізіліп, көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, ағаштарды күтіп-баптау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар, еріктілер және аудан тұрғындары ортақ іске белсене қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосып келеді.

Тазалық мәдениеті тек сенбілік күндерімен шектелмеуі керек. Қоршаған ортаны таза ұстау, қоқысты белгіленген орынға тастау, жасыл желекке ұқыпты қарау және қоғамдық мүлікті күтіп ұстау – әрбір азаматтың күнделікті дағдысына айналғанда ғана бұл бастама өз нәтижесін береді. Өйткені таза орта – денсаулықтың, жайлы өмірдің және ұрпаққа қалатын асыл мұраның кепілі.

«Таза Қазақстан» – табиғатты аялауға үндейтін маңызды бастама ғана емес, қоғамның бірлігі мен белсенділігін көрсететін ортақ іс. Әркім өз ауласынан, өз көшесінен бастап тазалыққа үлес қосса, ауданымыздың ажары артып, өмір сүруге қолайлы әрі көрікті мекенге айнала түсері сөзсіз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT