Тазалық туралы сөз болғанда көбіне қоқыс, көше немесе ауланы ойлаймыз. Алайда тазалық ұғымының ауқымы әлдеқайда кең. Таза орта – тәртіптің, жауапкершіліктің және қоғамдық мәдениеттің көрінісі.
Мәселен, саябақтағы орындықты сындырмау да – тазалық мәдениеті. Қоқыс жәшігіне қалдық тастау да – қоғамдық жауапкершілік. Ағашты бүлдірмеу де – ортақ дүниеге құрмет. Демек, экологиялық мәдениет адамның табиғатқа ғана емес, қоғамға деген қарым-қатынасынан да байқалады.
«Таза Қазақстан» бастамасының маңызды ерекшелігі – азаматтарды ортақ іске тартуы. Оның мақсаты тек аумақтарды тазалау емес, экологиялық сананы қалыптастыру және қоғамның қоршаған ортаны қорғауға қатысуын арттыру екені ресми құжаттарда да атап көрсетілген.
Бұл жерде жауапкершілік ұғымы алдыңғы орынға шығады.
Қоғамдық орынға қоқыс тастаған адам бір ғана жерді ластамайды. Ол өзгелерге де сол әрекетті қалыпты нәрсе ретінде көрсетуі мүмкін. Ал керісінше, тазалық сақтаған азамат айналасындағыларға үлгі болады.
Әдет осылай қалыптасады.
Сондықтан бізге «тазалық сақта» деген ескертуден гөрі, «тазалықты өзіңнен баста» деген ұстаным қажет. Өйткені сыртқы бақылау адамның әр қадамын қадағалай алмайды. Қоғамдық мәдениет ішкі жауапкершілікке сүйенгенде ғана тұрақты болады.
Бүгінде экологиялық мәселелерді шешу тек сенбілік өткізумен шектелмейді. Қалдықтарды сұрыптау, ресурстарды үнемдеу, қайта пайдалану, қоғамдық кеңістіктерді ұқыпты ұстау сияқты дағдылардың күнделікті өмірге енуі маңызды. Үкімет бекіткен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасында да экологиялық жауапты мінез-құлықты қалыптастыру мен қалдықтарды басқару мәдениетін дамытуға ерекше мән берілген.
Таза қала немесе таза ауыл – әкімдіктің ғана емес, сол жерде тұратын әр адамның еңбегінің нәтижесі.
Сондықтан «Таза Қазақстанды» біреулер жасайтын жоба ретінде емес, әр азаматтың күнделікті өмір салты ретінде қабылдауымыз керек.
Таза орта – тәртіпті қоғамның айнасы. Ал тәртіпті қоғам өз болашағына жауапкершілікпен қарайды.
Г.СӘДУАҚАСОВА


