Таза Қазақстан – таза болашаққа бастар жол

Қоршаған ортаның тазалығы – кез келген елді мекеннің көркі ғана емес, тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігінің де көрсеткіші. Осы ретте елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының маңызы зор. Оның негізгі мақсаты – елді мекендерді абаттандырумен қатар, қоғамда табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Тазалықты сақтау ең алдымен әр адамның өз ауласынан, өз көшесінен басталады. Қоғамдық орындарға қоқыс тастамау, айналаны таза ұстау, ағаштар мен жасыл желектерге күтім жасау – үлкен еңбекті қажет етпейтін, бірақ қоршаған ортаға пайдасы мол қарапайым әрекеттер. Осындай күнделікті әдеттер қалыптасқанда ғана тазалық бір реттік шара емес, өмір салтына айналады.

«Таза Қазақстан» аясында еліміздің әр өңірінде сенбіліктер, абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстары ұйымдастырылып келеді. 2026 жылдың алғашқы жеті айында республика бойынша 500 экологиялық іс-шара өткізіліп, 6,1 миллион адам қатысты. Сонымен бірге 117 мың гектар аумақ тазартылып, 1,2 миллионға жуық ағаш отырғызылған. 

Мұндай көрсеткіштер тазалық мәселесінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Дегенмен қоршаған ортаны қорғау тек арнайы акциялар кезінде ғана қолға алынбауы керек. Әр тұрғын туған жерінің тазалығына күн сайын үлес қосса, оның нәтижесі де тұрақты болады.

Таза көше, таза аула, көрікті елді мекен – баршаға ортақ мақсат. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасының мәні тазалық жұмыстарын атқарумен шектелмей, әр азаматтың туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін арттыруында. Тазалыққа бейжай қарамау – болашаққа жасалған жақсы қадам.

 

Г.Сәдуақас

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT