Таза әрі жайлы елде өмір сүру – кез келген азаматтың қалауы. Бірақ мұндай ортаны қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың жұмысына байланысты емес. Қоғамның тазалығы мен тәртібі ең алдымен әр адамның өз ісіне деген жауапкершілігінен көрінеді.
Бүгінде аулалар абаттандырылып, көшелер тазаланып, саябақтар жаңарып жатыр. Бұл – маңызды жұмыс. Алайда жаңарған ортаны ұзақ уақыт таза сақтау одан да маңызды. Бір күндік сенбілікпен немесе тазалық акциясымен мәселе толық шешілмейді. Тазалықты күнделікті әдетке айналдырғанда ғана тұрақты нәтиже болады.
Қоғамдық орында қоқыс тастамау, ортақ мүлікке зиян келтірмеу, ауладағы ағаш пен гүлге қамқорлық жасау – қарапайым әрекеттер сияқты көрінеді. Бірақ қоғамның мәдениеті дәл осындай қарапайым әрекеттерден қалыптасады.
«Бұл менің міндетім емес» деген түсініктен арылатын уақыт келді. Өйткені көшенің, ауланың немесе саябақтың тазалығы – бір адамның емес, сол жерде өмір сүретін барлық азаматтың ортақ мәселесі.
Таза орта адамның көңіл күйіне де, балалардың тәрбиесіне де әсер етеді. Тәртіп пен тазалықты көріп өскен бала оны қалыпты өмір салты ретінде қабылдайды. Демек, бүгінгі мәдениетіміз – ертеңгі ұрпаққа беретін тәрбиеміз.
Таза Қазақстанды құру үшін үлкен бастамаларды күтудің қажеті жоқ. Өз аулаңды таза ұстаудан, қоқысты тиісті орынға тастаудан, өзгеге үлгі көрсетуден бастауға болады.
Г:СӘДУАҚАС


