Табиғат – адамға аманат етілген баға жетпес байлық. Ауданымыздың көркем келбеті, таза ауасы мен жасыл желегі – барлығымызға ортақ қазына. Сондықтан табиғатты қорғау тек экологиялық мәселе емес, туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Соңғы жылдары ауданымызда көгалдандыру, ағаш отырғызу және айналаны абаттандыру бағытында көптеген игі бастамалар жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстардың нәтижелі болуы әр тұрғынның күнделікті іс-әрекетіне байланысты. Табиғатқа жанашырлық таныту – қоқыс тастамаудан, су мен жерді ластамаудан, жасыл желекті күтіп-баптаудан басталады. Әсіресе жастардың табиғатты қорғау шараларына белсенді қатысуы экологиялық мәдениетті қалыптастырып, туған өлкеге деген жанашырлықты арттырады.
Табиғатқа бүгін жасаған қамқорлығымыз – ертеңгі ұрпаққа қалдыратын ең үлкен мұрамыз. Сондықтан ауданымыздың әрбір тұрғыны қоршаған ортаны қорғауды азаматтық парыз деп қабылдаса, туған өлкеміздің табиғаты одан әрі көркейіп, келер ұрпаққа таза әрі көрікті күйінде аманат болады.
Г.Сәдуақас


