Табиғат – бізге аманат етілген баға жетпес байлық. Оның тазалығы мен көркі тек арнайы мекемелердің емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» бастамасы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба деп есептеймін.
Бүгінде ауданымызда тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп, көшелер мен қоғамдық орындар абаттандырылып, ағаш көшеттері отырғызылуда. Мұндай игі істер туған жерге деген жанашырлықты арттырып қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі болады. Табиғатты қорғау – тек сенбілікке қатысумен шектелмейді. Қоқысты бей-берекет тастамау, жасыл желекті күтіп-баптау, суды және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану да осы мәдениеттің ажырамас бөлігі.
Таза табиғат – дені сау қоғамның, жайлы өмірдің және жарқын келешектің кепілі. Сондықтан туған өлкеміздің көркеюі үшін әрқайсымыз күнделікті өмірімізде қарапайым болса да игі әрекеттерден бастасақ, «Таза Қазақстан» бастамасының мақсатына бірге қол жеткізе аламыз.
Г.ЖОЛДАСҚАЛИ


