Табиғат – адамзаттың баға жетпес байлығы әрі өмір сүруінің басты негізі. Таза ауа, мөлдір су, жасыл желек – барлығы да қоршаған ортаға деген жанашырлықтың арқасында сақталады. Сондықтан табиғатты қорғау – белгілі бір мекеменің немесе ұйымның ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қоғамда табиғатқа деген жанашыр көзқарасты қалыптастыруға серпін беріп келеді.
Махамбет ауданында аталған акция аясында елді мекендерді абаттандыру, көшелерді тазалау, ағаш отырғызу, көгалдандыру және қоршаған ортаны күтіп ұстау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл игі бастамалар ауданның көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да оң әсерін тигізіп отыр. Табиғатты аялау – бір реттік шара емес, ол күнделікті өмір салтына айналғанда ғана өз нәтижесін береді.
Туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтау – келер ұрпақ алдындағы қасиетті парыз. Әрбір отырғызылған көшет, әрбір таза көше, әрбір жиналған қоқыс – табиғатқа деген құрметтің нақты көрінісі. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау арқылы туған өлкеміздің көркеюіне үлес қосу – баршамыздың азаматтық міндетіміз. Табиғатқа жанашырлық таныту – болашаққа деген қамқорлықтың ең жарқын үлгісі.


