Туған өлкенің жылдан-жылға көркейіп, тазарып, абаттанып келе жатқанын көру – әр тұрғын үшін қуанышты жағдай. «Таза Қазақстан» бастамасы осы игі жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуіне және тұрғындардың ортақ іске жұмылуына жол ашып отыр.
Елді мекеннің ажарын ашатын ең алдымен оның тазалығы мен көріктілігі. Ағаш отырғызу, гүл егу, саябақтар мен аулаларды ретке келтіру сияқты қарапайым жұмыстардың өзі ауылдың келбетіне үлкен өзгеріс әкеледі. Ал осы іске тұрғындардың өз еркімен атсалысуы туған жерге деген жанашырлықтың белгісі.
Біздің ортақ мақсатымыз – кейінгі ұрпаққа таза, көрікті әрі жайлы мекен қалдыру. Ол үшін үлкен бастамаларды күтудің қажеті жоқ. Әркім өз ауласын таза ұстап, қоқысты белгіленбеген жерге тастамай, табиғатты аялай білсе, бұл да «Таза Қазақстанға» қосылған үлес. Туған жердің тазалығы – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Г.Сәдуақас


