Жас ұрпақ – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі жастардың білімі мен тәрбиесі ғана емес, өз құқығы мен міндетін қаншалықты білетіні де маңызды. Себебі заңды білмеу адамды жауапкершіліктен босатпайды.
Қазіргі таңда жастар күн сайын түрлі ортада қарым-қатынас жасайды. Мектепте, колледжде, жоғары оқу орнында, қоғамдық орындарда және әлеуметтік желілерде олардың құқықтары мен міндеттері қатар жүреді. Өз құқығын білетін жас өзіне жасалған әділетсіздікке бейжай қарамайды, ал өз міндетін түсінген адам қоғам тәртібін бұзбауға тырысады.
Құқықтық сауаттылық тек заң баптарын жаттап алумен шектелмейді. Ол – жауапкершілікті сезіну, өзгенің құқығын құрметтеу, дау туындаған жағдайда мәселені заңды жолмен шешуге ұмтылу. Әсіресе жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.
Бұл ретте ата-ана мен білім беру ұйымдарының да рөлі ерекше. Балаға заңды тек жазадан қорқытудың құралы ретінде емес, адамның құқығы мен қауіпсіздігін қорғайтын жүйе ретінде түсіндіру қажет.
Заңды құрметтеу – саналы азамат болудың белгісі. Құқықтық сауаты жоғары ұрпақ қалыптасқан жерде тәртіп те, жауапкершілік те нығаяды. Сондықтан заңды білу – әр жастың өз болашағына жасаған маңызды қадамы.
Д.ЖОЛДАСҚАЛИ



