Адам өз құқығын білмейінше, оны толыққанды қорғай алмайды. Сондықтан құқықтық сауаттылық – қазіргі қоғамдағы әр азаматқа қажетті білімнің бірі. Өз құқығы мен заң алдындағы міндетін білу адамға түрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Күнделікті өмірде азаматтар еңбек қатынастары, тұтынушылық құқық, отбасы мәселелері, мүлік, құжаттар және басқа да көптеген құқықтық жағдайларға тап болады. Осындай сәттерде заң талаптарын білмеу адамды қиын жағдайға қалдыруы мүмкін. Сондықтан кез келген мәселені эмоциямен емес, заң шеңберінде шешуге ұмтылған дұрыс.
Құқықтық сауаттылықтың тағы бір маңызды бағыты – алаяқтықтан сақтану. Бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерді бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қоңырауларға сақтықпен қарау сияқты қарапайым ережелер азаматтардың өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне көмектеседі. Қандай да бір күмәнді жағдай туындаса, ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру қажет.
Заңды білу адамды тек құқық бұзушылықтан сақтап қоймайды. Ол өзгенің құқығын құрметтеуге, жауапкершілікті сезінуге және қоғамда дұрыс қарым-қатынас орнатуға үйретеді.
Құқықтық сауатты азамат – заң талаптарын білетін ғана емес, өз әрекетіне жауап бере алатын азамат. Сондықтан заң мен тәртіпті сақтау әр адамның саналы таңдауы болуы тиіс. Құқығын білетін, міндетін орындайтын қоғамда әділдік пен тұрақтылықтың негізі қалыптасады.
Г.Сәдуақас


