Құқықты білу – жауапкершіліктен басталады

Жасөспірімдік кезең – адамның мінезі қалыптасып, болашаққа деген көзқарасы орнығатын маңызды уақыт. Осы шақта жасалған әрбір таңдау оның кейінгі өміріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан жас ұрпаққа білім берумен қатар, заңды құрметтеуді, өз құқығы мен міндетін білуді үйретудің маңызы зор.

Қоғамдағы тәртіп ең алдымен әр адамның өзінен басталады. Мектептегі ішкі тәртіпті сақтау, үлкенді сыйлау, қатарластарына құрметпен қарау, қоғамдық орында өзін дұрыс ұстау – қарапайым көрінгенімен, азаматтық мәдениеттің алғашқы белгілері.

Кей жағдайда жасөспірімдер жасаған әрекетінің салдарын толық түсінбеуі мүмкін. Біреудің мүлкіне рұқсатсыз қол сұғу, қоғамдық орында тәртіп бұзу, төбелеске араласу немесе интернетте басқа адамды қорлайтын ақпарат тарату – «баланың ойыны» деп қарауға болмайтын әрекеттер. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін балаға тыйым салумен ғана шектелмей, оның себебі мен салдарын түсіндіру қажет.

Бұл ретте ата-ана мен мектептің, құқық қорғау органдары мен қоғамның өзара байланысы маңызды. Жасөспірім өзін бақылаудағы адам ретінде емес, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінгені жөн. Оның пікірін тыңдау, мәселесін дер кезінде байқау, дұрыс бағыт көрсету – үлкендердің ортақ міндеті.

Заң мен тәртіпті құрметтеу қорқыныштан емес, түсініктен қалыптасуы керек. Өз құқығын білетін бала өзгенің де құқығына құрметпен қарайды. Ал өз әрекетіне жауап бере алатын жас ертеңгі күні жауапты азамат болып қалыптасады.

Сондықтан құқықтық тәрбие – тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес. Ол отбасынан басталып, мектепте жалғасып, қоғамда бекитін құндылық. Бүгін балаға берген дұрыс бағыт – ертең қоғамдағы тәртіптің берік негізіне айналады.

 

Г.СӘДУАҚАС

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT