Көгалдандыру – келешекке қалдырылған жасыл мұра

Жасыл желек – табиғаттың көркі ғана емес, адам өмірінің ажырамас бөлігі. Ағаш пен бұта егілген, гүл көмкерген көшелер мен саябақтар елді мекеннің сәнін келтіріп қана қоймай, тұрғындарға жайлы әрі таза орта қалыптастырады. Сондықтан көгалдандыру жұмыстары – бүгінгі күннің ғана емес, болашақ ұрпақтың игілігі үшін атқарылатын маңызды іс.

Соңғы жылдары елімізде елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартуға, жасыл аймақтарды көбейтуге және табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Көгалдандыру жұмыстары ауа сапасын жақсартып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға және өңірдің табиғи келбетін көркейтуге өз үлесін қосады.

Жалпы ауданымызда да бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Көшелер мен қоғамдық орындарда ағаш көшеттері отырғызылып, жасыл аймақтарды күтіп-баптау, гүлзарларды ретке келтіру, суару және ағаштарды әктеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстарға мемлекеттік мекемелердің ұжымдары, жастар және аудан тұрғындары белсене қатысып, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосуда.

Көгалдандыру – тек ағаш отырғызумен аяқталатын жұмыс емес. Егілген әрбір көшеттің уақытылы суарылып, күтіп-бапталуы оның тамыр жайып, ұзақ жылдар бойы ел игілігіне қызмет етуіне негіз болады. Сондықтан табиғатқа жанашырлық әрбір тұрғынның күнделікті өмір салтына айналғаны маңызды.

Туған жердің көркеюі – ортақ еңбектің нәтижесі. Бүгін егілген әрбір ағаш ертеңгі ұрпаққа сая болар саябаққа, таза ауа мен көрікті табиғатқа айналады. Сондықтан көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысу – туған өлкенің келешегіне қосылған нақты үлес.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT