Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді елорда әуежайында арнайы қарсы алуы – екі мемлекет арасындағы өзара сыйластық пен достық қарым-қатынастың айқын көрінісі. Мемлекет басшыларын жоғары деңгейде қарсы алу – халықаралық дипломатиядағы маңызды дәстүрлердің бірі. Бұл – елдер арасындағы сенім мен ынтымақтастықтың белгісі.
Ресей Президентінің ұшағын Қазақстан Республикасының Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдай ұшып шығарып салуы, Құрмет қарауылының сап түзеуі, балалар мен барабаншылардың қошемет көрсетуі – еліміздің қонақжайлығы мен мәдениетін танытатын ерекше сәттер болды. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресей туларын желбіреткен тікұшақтардың алаң үстімен ұшып өтуі екі ел арасындағы достық байланыстың символындай әсер қалдырды.
Қазақстан мен Ресей – тарихи байланысы терең, көрші әрі серіктес мемлекеттер. Екі ел арасындағы ынтымақтастық экономика, сауда, білім, мәдениет және қауіпсіздік салаларында маңызды рөл атқарады. Осындай ресми кездесулер мемлекетаралық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, халықтар арасындағы достықты да бекіте түседі.
Бүгінгі таңда әлемде тұрақтылық пен бейбітшілік мәселесі өте өзекті. Сондықтан мемлекеттер арасындағы ашық диалог пен өзара түсіністік аса маңызды. Қазақстан әрдайым бейбіт саясатты ұстанып, түрлі халықаралық бастамаларды қолдап келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық деңгейдегі кездесулері еліміздің әлем алдындағы беделін арттырып, дипломатиялық байланыстардың дамуына ықпал етеді.
Мұндай жоғары деңгейдегі сапарлар елдер арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, ортақ мақсаттарға бірге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл – тек саясат үшін емес, қарапайым халықтың болашағы мен тұрақты өмірі үшін де маңызды қадам.
С.ЖАЙЛАШЕВ,
Махамбет аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

