Қазіргі таңда интернет – ақпарат алудың, пікір алмасудың және қарым-қатынас жасаудың ажырамас бөлігіне айналды. Әлеуметтік желілерде күн сайын мыңдаған жазба жарияланып, түрлі пікірлер айтылып жатады. Алайда виртуалды кеңістік заңнан тыс аймақ емес екенін әр азамат есте ұстауы қажет.
Интернетте жазылған әр пікір, жарияланған әр жазба немесе таратылған ақпараттың өз жауапкершілігі бар. Біреудің ар-намысына тиетін сөз айту, жалған ақпарат тарату, қорқыту, жала жабу, адамның жеке мәліметтерін рұқсатсыз жариялау сияқты әрекеттер нақты құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.
Кей адамдар әлеуметтік желідегі парақшаны жасырын деп ойлап, кез келген сөзді жазуға немесе кез келген ақпаратты таратуға болады деп есептейді. Бұл – қате түсінік. Интернеттегі әрекеттер де заң талаптарына бағынады. Сондықтан әлеуметтік желі қолданушылары жариялаған ақпараттың мазмұнына мұқият қарап, оның шынайылығына көз жеткізгені жөн.
Әсіресе жасөспірімдер арасында интернеттегі қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру маңызды. Кибербуллинг, қорлау, мазақ ету немесе адамның суреті мен жеке ақпаратын келісімінсіз тарату жәбірленушіге психологиялық зиян келтіріп қана қоймай, құқықтық жауапкершілік мәселесін де туындатуы мүмкін.
«Мен жай ғана әзілдедім» немесе «бұл интернет қой» деген сөздер жауапкершіліктен босатпайды. Әрбір азамат өз сөзінің және ісінің салдарын алдын ала ойлауы керек. Ақпаратты бөліспес бұрын оның рас-өтірігін тексеру, өзгенің құқығын құрметтеу және әдеп нормаларын сақтау – интернеттегі қауіпсіздіктің негізгі қағидалары.
Заң мен тәртіп тек көшеде немесе қоғамдық орында ғана сақталмайды. Ол – интернет кеңістігінде де әр адамның күнделікті ұстанатын қағидасы болуы тиіс.
Сондықтан қарапайым ережені есте ұстаған жөн: жарияламас бұрын ойлан, таратпас бұрын тексер, пікір білдіргенде өзгенің құқығын құрметте. Өйткені интернеттегі әр әрекет – жауапсыз емес.
Г.ЖОЛДАСҚАЛИҚЫЗЫ



