Есірткіге қарсы күрес – болашақ үшін күрес

Есірткі мәселесі – тек полиция немесе құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – отбасыға, жастарға, қоғамның болашағына тікелей қатысты мәселе. Сондықтан есірткіге қарсы күрес жазалаумен ғана шектелмей, ең алдымен оның алдын алуға бағытталуы қажет.

Бүгінде есірткі саудасының тәсілдері өзгерді. Бұрын есірткі таратушылар белгілі бір ортада әрекет етсе, қазір интернет пен әлеуметтік желілерді де пайдаланады. Жастарға түрлі ұсыныстар жасалып, оңай ақша табу мүмкіндігі ретінде көрсетіледі. Шын мәнінде, бұл – адамды қылмысқа жетелейтін қауіпті жол.

Ең өкініштісі – кейбір жастар мұндай әрекеттің салдарын толық түсінбей қалуы мүмкін. «Тек бір рет», «жай ғана ақша үшін», «мен ештеңеге араласпаймын» деген ойдың соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелуі ықтимал.

Сондықтан есірткіге қарсы профилактика мектептен, отбасынан және қоғамнан басталуы керек. Баламен ашық сөйлесу, оның ортасын білу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру – қарапайым көрінгенімен, маңызды алдын алу шаралары.

Құқық қорғау органдары да есірткінің заңсыз айналымына қарсы жұмысты күшейтіп келеді. 2026 жылғы алғашқы айларда жүргізілген кешенді шаралар барысында есірткі қылмыстары анықталып, заңсыз айналымнан ірі көлемдегі есірткі тәркіленіп, зертханалар жойылған.

Бірақ қанша қылмыскер ұсталғанымен, есірткіге сұраныс сақталса, қауіп те жойылмайды. Сондықтан қоғамның міндеті – есірткіні қалыпты құбылыс ретінде қабылдамау, оның насихатына жол бермеу және күмәнді жағдайларды дер кезінде хабарлау.

«Заң мен тәртіп» қағидатының мәні де осында. Заң бұзылғаннан кейін ғана әрекет ету емес, қылмысқа апаратын жолды ертерек тоқтату маңызды.

Есірткіге қарсы күрес – бір қылмыскерді ұстау ғана емес, бір адамның тағдырын сақтап қалу. Ал бір адамның тағдырын қорғау – тұтас қоғамның болашағын қорғау.

 

Г.СӘДУАҚАС

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT