Экранның ар жағындағы қауіп

Телефонға келген бір хабарлама, бейтаныс адамның қоңырауы немесе әлеуметтік желідегі «тиімді ұсыныс» кейде елеусіз көрінуі мүмкін. Алайда интернет кеңістігінде алаяқтар адамның сеніміне кіріп, қаржылық немесе жеке мәліметтерін иемденудің түрлі тәсілдерін қолданады.

Қазір интернет күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Онлайн төлем жасау, банк қосымшаларын пайдалану, тауар сатып алу, әлеуметтік желі арқылы байланысу – бәрі қалыпты әдетке айналған. Осы мүмкіндіктерді алаяқтар да өз пайдасына пайдалануға тырысады.

Көп жағдайда олар банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе белгілі бір ұйымның маманы ретінде таныстырып, адамды асықтыруға тырысады. «Шотыңызға қауіп төніп тұр», «картаңыз бұғатталады», «ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз» деген сияқты сөздер арқылы адамның абдырап қалуын көздейді.

Мұндай кезде ең дұрыс әрекет – асықпау. Телефон арқылы келген нұсқауға бірден сенбей, әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми байланыс нөміріне өзіңіз хабарласқан жөн. Банк картасының деректерін, құпия сөздерді, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтуға болмайды.

Интернет алаяқтықтан қорғанудың тағы бір маңызды жолы – күмәнді сілтемелерге өтпеу. Әлеуметтік желіде немесе мессенджерде келген кез келген ұсыныстың шынайылығын тексеру қажет.

Алаяқтардың тәсілі өзгеруі мүмкін, бірақ олардың негізгі мақсаты бір – адамның сенімін пайдалану. Сондықтан цифрлық сауаттылық бүгінгі қоғамдағы қажетті дағдылардың біріне айналды.

Күмәнді қоңырау немесе хабарлама алған адам өзін кінәлі сезінбеуі керек. Ең бастысы – күмәнді әрекетті дер кезінде тоқтатып, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну.

Интернеттегі қауіптен қорғанудың ең қарапайым ережесі – асықпау, тексеру және құпия мәліметті ешкімге бермеу. Бір сәттік сақтық кейде үлкен шығынның алдын алады.

 

Г.СӘДУАҚАС

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT