Көктем мен күз айларында табиғатқа жасалған ең үлкен жақсылықтың бірі – тал егу. Бүгін отырғызылған бір түп көшет бірнеше жылдан кейін ауылдың ажарын ашып, тұрғындарға сая болатын жасыл желекке айналады.
Аудан елді мекендерінде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында көгалдандыру жұмыстарына да көңіл бөлінуде. Көшелердің бойына, аулаларға және қоғамдық орындарға көшеттер отырғызылып, бұрын бос жатқан аумақтарға жан бітуде. Жасыл желекті көбейту – қоршаған ортаны көркейтіп қана қоймай, табиғатқа жанашырлықты қалыптастыратын маңызды қадам.
Көшет отырғызу – жұмыстың бір бөлігі ғана. Ең маңыздысы – оны кейін күтіп-баптау. Уақытылы суару, топырағын қопсыту, сынған бұтақтарын реттеу сияқты қарапайым жұмыстар ағаштың тамырланып, бой көтеруіне мүмкіндік береді.
Бұл іске үлкендермен қатар жастардың да атсалысуы көңіл қуантады. Табиғатпен жұмыс істеп, өз қолымен көшет отырғызған жас өскін оның өсіп-жетілуіне бейжай қарамайды. Өйткені адамның өзі еккен ағашы оның туған жермен байланысын тереңдете түседі.
Жасыл желек – бүгінгі күннің ғана емес, келешектің де байлығы. Бір талдың көлеңкесі бір адамға ғана емес, талай жанға сая болады. Сондықтан ауданның әр ауласында, әр көшесінде жасыл желек көбейсе, елді мекендердің де көркі кіріп, қоршаған ортаға деген қамқорлық арта түсері анық.
Табиғатты аялау үлкен істен басталмайды. Кейде оның бастауы – жерге қадалған бір тал көшеттен басталады.
Г.СӘДУАҚАС



