Бір қоңырау – үлкен қауіп: интернет-алаяқтықтан сақ болыңыз

Цифрлық технология өмірімізді жеңілдетті. Телефон арқылы банк қызметін пайдаланамыз, интернеттен сауда жасаймыз, онлайн төлем жүргіземіз. Алайда технология дамыған сайын қылмыстың жаңа түрлері де пайда болды. Солардың бірі – интернет-алаяқтық.

Бүгінде алаяқтар адамның ақшасын ғана емес, оның сенімін пайдаланады. Олар өздерін банк қызметкері, полиция қызметкері немесе мемлекеттік органның өкілі ретінде таныстырып, адамды асықтырып, психологиялық қысым жасауға тырысады. Ресми ескертулерде де алаяқтардың SMS-код, CVC/CVV және басқа құпия деректерді сұрататыны, «қауіпсіз шотқа» ақша аударуға көндіретіні айтылған.

Алаяқтардың тағы бір артықшылығы – адамның қорқынышы мен асығыстығын пайдалану. «Қазір ақша аудармасаңыз, шотыңыз бұғатталады», «сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр» деген сөздер азаматты ойланып үлгерместен әрекет етуге итермелейді.

Сондықтан интернеттегі қауіпсіздіктің бірінші ережесі – асықпау. Бейтаныс қоңырауға бірден сенудің қажеті жоқ. Банкке қатысты мәселе болса, оның ресми нөміріне өзіңіз хабарласқан дұрыс. Жеке деректерді, парольдерді және бір реттік кодтарды ешкімге беруге болмайды.

Бұл жерде азаматтың қырағылығы ғана емес, заңның да рөлі зор. Қазақстанда интернет-алаяқтық схемаларында қолданылатын дропперлік үшін 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске арнайы жауапкершілік енгізілді. Өз банк картасын немесе шотын заңсыз ақша аударымдарына пайдалануға беру де қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Яғни «картамды ғана бердім», «ақшаның қайдан келгенін білмедім» деген сылтау әрдайым жауапкершіліктен құтқара бермейді.

«Заң мен тәртіп» дегеніміз – тек қылмыскерді жазалау емес, азаматтың құқығы мен мүлкін қорғау. Ал цифрлық дәуірде бұл міндет интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті де қамтиды.

Алаяқтан қорғанудың ең тиімді жолы – күмәнді қоңырауға сенбеу, ақпаратты тексеру және бір сәттік асығыстықпен үлкен қателік жасамау.

 

Г.СӘДУАҚАС

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT