Ауылға кіре берістегі жол бойы, көше жиегіндегі талдар, жинақы аулалар мен таза қоғамдық орындар – елді мекеннің сыртқы көрінісі ғана емес. Мұның бәрі сол жерде тұратын халықтың туған жеріне деген көзқарасын аңғартады. Соңғы уақытта «Таза Қазақстан» бастамасы аясында аудан елді мекендерінде тазалық пен абаттандыруға баса мән беріліп келеді.
Бұрын назардан тыс қалған кейбір аумақтардың ретке келтірілуі ауылдың жалпы келбетіне әсер етеді. Бір көшенің тазалануы екінші көшеге үлгі болады. Көшеге отырғызылған көшетке жанындағы үйдің тұрғыны су құя бастайды. Бір қарағанда қарапайым көрінетін осындай әрекеттер біртіндеп ортақ іске ұласады.
Аудан көлемінде ұйымдастырылып жатқан жұмыстардың ерекшелігі – оған түрлі сала өкілдерінің тартылуында. Мекеме қызметкерлері өз аумағын ретке келтірсе, жастар қоғамдық орындарды тазалауға атсалысады. Аға буынның ақылы мен жастардың белсенділігі ұштасқанда, ортақ жұмыстың нәтижесі де айқын көрінеді.
Абаттандырудың мәні тек айналаны әдемі ету емес. Жинақы орта адамның күнделікті өміріне де әсер етеді. Таза көшеде жүру, көлеңкелі жерде демалу, балалардың қауіпсіз әрі ұқыпты ортада ойнауы – тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей қатысты.
Дегенмен, елді мекенді көркейту тек белгілі бір науқанның аясында қалмауы керек. Көктемгі сенбілікте тазаланған аумақ бірнеше айдан кейін қайта қоқыстанса, атқарылған жұмыстың нәтижесі ұзаққа бармайды. Сондықтан тазалықты сақтау – тазалық жасаудан кем емес маңызды міндет.
Туған жердің көркі алыстан келіп жасалмайды. Ол әр үйдің алдынан, әр көшенің тазалығынан, әр тұрғынның жауапкершілігінен басталады. Ауылдың ажары – елдің айнасы десек, сол айнадан өз мәдениетіміз бен өзара сыйластығымыз көрінеді.
«Таза Қазақстан» бастамасының өміршеңдігі де осында. Ол бір күндік тазалықпен емес, күнделікті қалыптасқан мәдениетпен өлшенеді. Елді мекеннің бүгінгі көркі – ертеңгі ұрпаққа қалатын өнегенің бір бөлігі.
Г.Сәдуақас


