Тазалық – адамның мәдениеті мен қоршаған ортаға деген жауапкершілігін көрсететін өлшем. Қай елді мекенге барсақ та, оның көркі ең алдымен көшесі мен ауласының тазалығынан байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының маңызы ерекше.
Бүгінде еліміздің көптеген өңірлерінде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен аулалар тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ағаштар әктеліп, қоршаған орта қоқыстан тазартылып, саябақтар мен демалыс орындары ретке келтіріліп жатыр. Мұндай жұмыстардың басты нәтижесі – айналаның ажарланып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген көзқарасының өзгеруі.
Тазалықты тек арнайы акция кезінде қолға алатын іс деп қабылдауға болмайды. Өз ауласын таза ұстау, қоқысты белгіленген жерге тастау, ортақ орындарға ұқыпты қарау – әр азаматтың күнделікті әдетіне айналуы керек. Себебі таза көше бір күнде емес, тұрақты жауапкершіліктің арқасында қалыптасады.
«Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны тазарту науқаны ғана емес, қоғамдық мәдениетті қалыптастыратын маңызды қадам. Туған жеріміздің көркеюіне әркім өз ауласынан бастаса, елді мекеннің де келбеті өзгереді. Тазалыққа деген жауапкершілік артқан жерде өмір сүру сапасы да жоғарылай түседі.
Г.ЖОЛДАСҚАЛИҚЫЗЫ



