Аудан көркі – ортақ жауапкершілік

«Таза Қазақстан» бастамасы – туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақыратын маңызды қадам. Ауданымызда соңғы уақытта абаттандыру, көгалдандыру және тазалық бағытындағы жұмыстардың жүргізіліп жатқаны байқалады. Аула іштерінің ретке келтірілуі, көшелердің тазалануы, ағаштар мен гүлдердің отырғызылуы елді мекеннің көркін арттыра түсетіні сөзсіз. Мұның барлығы тұрғындарға да жағымды әсер береді.

Алайда ауданның тазалығы тек тазалық қызметкерлері мен жауапты мекемелердің жұмысына байланысты емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ міндет. Өзіміз тұратын жерді таза ұстау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау, табиғатқа зиян келтірмеу – үлкен мәдениеттің белгісі. Әсіресе жастардың осындай жұмыстарға белсенді қатысуы өте маңызды деп есептеймін. Себебі тазалыққа деген дұрыс көзқарас бүгін қалыптасса, ертең жақсы дәстүрге айналады.

Туған жеріміздің таза әрі жайлы болуы – өз қолымызда. Әр тұрғын өз ауласының, өз көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қараса, ауданымыздың ажары одан әрі ашыла береді. «Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстарға белсенді қатысып, ортақ іске үлес қосу – елге деген құрметтің бір көрінісі.

 

Г.ЖОЛДАСҚАЛИ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT