Алаяқтың арбауына түспеңіз

Қазіргі таңда интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Біз онлайн сауда жасап, қаржылық операцияларды жүргізіп, мемлекеттік қызметтерді пайдаланып, жақындарымызбен байланыс орнатамыз. Алайда цифрлық мүмкіндіктердің артуымен қатар интернет алаяқтарының әрекеті де күрделеніп келеді. Олар азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі айла-тәсіл арқылы жеке деректерін немесе қаражатын иемденуге тырысады.

Интернет алаяқтары өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі, интернет-дүкеннің менеджері немесе таныс адам ретінде таныстырып, адамдарды асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Жалған сілтемелер жіберу, күмәнді инвестициялық ұсыныстар, арзан бағамен тауар ұсыну, әлеуметтік желілердегі жалған парақшалар – бүгінгі күні жиі кездесетін алаяқтық тәсілдері. Мұндай жағдайда қырағылық танытып, жеке мәліметтерді, банк картасының деректерін және SMS-кодтарды ешкімге бермеу – ең маңызды қорғаныс.

Интернеттегі қауіпсіздік тек техникалық мәселе емес, ол – әр азаматтың жауапкершілігі. Кез келген ақпараттың шынайылығын тексеру, ресми дереккөздерге ғана сенім арту, күмәнді хабарламалар мен қоңырауларға сақтықпен қарау – қаржылық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі қағидалары. Сонымен қатар жақындарымызға, әсіресе егде жастағы адамдарға және жастарға интернет алаяқтарының айла-тәсілдері туралы үнемі түсіндіру маңызды.

Интернет алаяқтықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл – қоғамның ортақ ісі. Саналы әрекет, цифрлық сауаттылық және қырағылық арқылы ғана алаяқтардың құрбаны болудан сақтанып, қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыра аламыз.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT