Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы күнделікті өмірімізді едәуір жеңілдеткенімен, интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің де көбеюіне себеп болып отыр. Бүгінде алаяқтар азаматтардың жеке деректерін иемдену, банк карталарындағы қаражатты заңсыз иемдену немесе жалған хабарландырулар мен интернет-дүкендер арқылы алдау сияқты түрлі айла-тәсілдерді қолдануда. Сондықтан киберқауіпсіздік мәселесіне бейжай қарамай, әрбір азаматтың сақтық шараларын ұстануы аса маңызды.
Интернет алаяқтары өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырып, түрлі сылтаулармен жеке мәліметтерді, банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын сұрауы мүмкін. Мұндай жағдайда ешбір жағдайда құпия ақпаратты бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға сақтықпен қарау қажет.
Ауданымызда да тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Азаматтарға киберқауіпсіздік талаптарын сақтау, күмәнді хабарламалар мен жалған инвестициялық ұсыныстарға сенбеу, тек ресми интернет-ресурстарды пайдалану жөнінде ақпараттық-насихат шаралары ұйымдастырылып келеді.
Интернет кеңістігін қауіпсіз пайдалану – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Әрбір тұрғын жеке деректерінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, алаяқтардың айласына алданбауға барынша мұқият болуы қажет. Сақтық шараларын сақтау арқылы ғана өзімізді және жақындарымызды қаржылық шығыннан қорғап, қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға үлес қоса аламыз.


