ЖОЛДАУ ЖАНЫМА ҚАНАТ БІТІРДІ

Мен өзім өмір бойы ауылда тұрып, еңбек етіп келемін. Жалпы менің таңдаған мамандығым-педагог.

Сарайшық ауылындағы «Бүлдіршін» бөбекжайында жұмыс жасаймын. Ауыл тұрғыны болған соң әркез мемлекетіміздің ауылға қатысты бағдарламаларына зер сала қарап, соңғы жаңалықтарға құлақ түріп отырамын.

Мен ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын мұқият оқып шықтым. Шыны керек, Жолдауда көзделген бағдарламалар мені қатты қуантты. Себебі, мұнда өзіміздің өмір бойы тұрып келе жатқан алтын бесігіміз - ауылды дамытуға арналған жобалар бар екен. Ауыл шаруашылығын өркендетпей, ауыл гүлденбейді. Осыны ескерген Президент ауыл шаруашылығының еліміздің негізгі ресурсы екенін айтып, бірақ оның әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай отырғанын ерекше атап көрсеткен. Өз елімізде сұранысқа ие экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар.

Президент Жолдауының осы тұсындағы: «Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін төрт жарым есе арттыруға зор мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс. Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керек. Ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту– маңызды міндет. Бұл жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Үкімет нақты нәтижеге қол жеткізуі керек. Біз Елбасының «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деген сөзі біздің көңілімізге қуаныш ұялатты.

Сонымен қатар биыл Елбасының бастамасы бойынша екі пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылып отыр. Жыл соңына дейін бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілмекші. Бірінші кезекте көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады. Осы тұрғыда Президент кезекте тұрған аз қамтылған көпбалалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керегін міндеттеді. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық. Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беріледі.

Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөлгелі отырғаны мені бес баланың анасы ретінде дән риза етті. Сол секілді Жолдаудағы мұғалімдердің жалақысын екі есе арттыру, отбасы және бала институтын дамыту, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлуметтік қызмет көрсету жүйесін және зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру туралы нақты тапсырмалар халық көңілінен шығып отыр. Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Осыған орай еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе, жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру маңызды міндет екенін атап көрсетті.

Иә, мұқтаж адамдарға ешкімнің үгітінсіз, ерікті түрде көмек қолын созу азаматтық парыз емес пе?! Ендеше, мұндай игі бастамаларға тек қуану керек. Мен үшін тағы бір қуанышты жайт- өзім кезінде Алтын орданың астанасы болған Сарайшықта тұратын болған соң Президенттің «Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн» деген сөзіне қатты риза болғанымды жасырмаймын. Мемлекет басшысы: «Мен халыққа берген уәдемді міндетті түрде орындаймын. Бағытымыз –айқын, жолымыз ашық. Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістіктерге жетеді деп сенемін»,- деді.

Бір сөзбен айтқанда Президент Жолдауы менің жаныма қанат бітіріп, болашақ үшін еңбек етуге ынталандырды. Президентімізге осы жұмысында табыс тілейміз. Тәуелсіз еліміз өркендей берсін.

Қ.НАУРЫЗАЛИЕВА, Сарайшық «Бүлдіршін»

бөбекжайының тәрбиешісі

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521