Акцияның аясында неге дау шықты?

Жуырда Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорынан коронавируспен күреске карантинге жабылған Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына көмек ретінде 200 млн ақша бөлінген болатын.

Өз кезегінде бұл әлемдік пандемияны жеңу жолында «Біз біргеміз» деп халықты бірлікке үндеген болатын. Сонымен қатар Елбасы «Нұр Отан» партиясының қорына да «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобаларының аясында карантинге жабылған Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы жалғызбасты, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қажетті азық-түлік қорын алып беруге 150 млн теңге қаржы бөлгенін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші хатшысы Б.Байбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Бұл бастаманы партияның басқа қалалардағы бөлімшелері де қолдап, демеушілердің, кәсіпкерлердің, еріктілердің көмегімен «Бір біргеміз» атты жалпыхалықтық акциясын жалғастырып кетті.

Күні кеше Атырау қаласындағы көпбалалы әйелдердің партия ғимараты алдына барып, жанжал шығаруы, халыққа ақпараттың дұрыс тарамауының бірден-бір себебі деп білдік. Сол себепті бұл акцияның мақсатын, кімдерге қандай көмек берілгенін және берілетіні туралы «Нұр Отан» партиясы Махамбет аудандық филиалының бірінші орынбасары Руслан Әженов былай дейді:

- Қазіргі таңда Махамбет ауданы бойынша «Біз біргеміз» акциясының аясында 38 отбасыға азық-түлік қорабы таратылып, көмек көрсетілді. Көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың, жалғызілікті қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың тізімін ауылдық округ әкімдері беріп отыр. Бірақ, азық-түлік қорын түгелдей дерлік біз мекемелердің қызметкерлері мен қарапайым ауыл азаматтарынан жиналған қаржыға сатып алғанымызды қаперлеріңізге береміз. Яғни, «Нұр Отан» партиясына бөлінген қаржы ол тек карантинге жабылған қалалардың халқына көмекке жұмсалуда. Әлеуметтік желідегі «109» нөміріне хабарласыңыз, партияның филиалына барыңыз деген жалған ақпараттың кесірінен тұрғындар үсті-үстіне келіп жатыр. Әрине, акция әлі де жалғасып, демеушілер табылып жатса, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл ардагерлеріне де аталмыш көмек түрін көрсетуге біз ниеттіміз. Егерде көмекке мұқтаж әр тұрғын расымен жоғарыда аталған топтардың құрамына кіретіні расталса, акция аясында оның да үйіне барамыз. Біз ешкімді ұмыт қалдырмауға тырысамыз. Бастысы, қаражат жинау және тізімді толық әрі нақты беру. Иә, қандай қиын-қыстау күнде де, бір үзім нанды бөліп жеп, бай-жарлы деп бөлінбей, бірлігімізді көрсеткен халықпыз. Айналамызға сәл сабырмен қарап, көмектің алдымен шын мұқтаждарға жетуін қамтамасыз етсек, ауызбіршілігіміз бен татулығымызды сақтасақ, аштықты да, ауруды да сөзсіз жеңерміз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521