АӘК: балаларымның несібесі

Халқымыз әуелден көп бала тапқан аналарды «алтын құрсақтылар» деп ерекше құрметтеген ғой. Мен де солардың ізін жалғап, ауданымыздағы «алтын құрсақтылардың» қатарын толықтырып, өмірге 8 бала әкелген анамын.

Соңғы уақытта көп балалы аналардың жағдайына Президентіміздің өзі ерекше назар аударып отырғаны бәрімізге белгілі. Сәуір айынан бастап беріле бастаған атаулы әлеуметтік көмекке қолымыз жеткендегі қуанышымызды қалай жасырайын? Бұл сегіз балама бұйырылған несібе.

Ер азамат үйдің асыраушысы. Жұмыссыздық есебінде тұрған жолдасым шілде айынан бастап ауысымдық жұмысқа кіргенде мойнымыздағы бір жүгіміз жеңілдегені рас. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, бала-шағы қамы үшін деп маңдай терін төгіп, әкеліп жатқан табысының берекесін көрудеміз.

Біздің басты бақытымыз - балаларымыз. Әрбірінің орны біз үшін бөлек. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелеп өсірсек, ата-аналық парызымыздың өтелгені деп білемін. Қайсыбірінің болмасын оқуда, өмірде қолжеткізген кішкене ғана жетістіктерінің өзі бізді жігерлендіреді. Қазір сегіз баламның алдыңғы екеуі жоғары оқу орнының студенттері. Мемлекеттік грант негізінде білім алуда. Төрт балам мектеп жасында. Оқу жылы басталарда мектептен оқу-құрал жабдықтарын алуға 30 мың теңге көлемінде ақша берілді. Кішкентайым балабақшаға барса, 18 жасқа толған баламның мүмкіндігі шектеулі. Жұмыс іздесем, екі қолыма бір күрек табылары сөзсіз. Алайда, Алла Тағаланың маңдайға жазған тағдырына сабыр етіп, бүгінде  балама қарап үйде отырмын. Оған көп күтім қажет екені айтпаса да белгілі. Қазіргі тұрып жатқан үйіміздің жағдайы оған сай емес. Көп балалы аналардың тұрғын үй кезегіне тіркеліп те қойдық. Қазір қарап отырсақ, ауданымызда көп қабатты үйлер бірінен соң бірі бой көтеруде. Сол үйлердің бір пәтеріне көп ұзамай қолжеткіземіз деген үмітпен өмір сүріп келеміз.

2016 жылы «Батыр ана» орденімен марапатталдым. Бұл өмірдегі ең үлкен жетістігім. Аналардан қандай мәселеңіз бар деп сұрап жатады ғой. Мендегі мәселе емес, жауапты мамандарға бір ұсыныс. Біз «жасыл белдеу» көшесінде тұрамыз. Көшемізде жол жоқ, жаңбырлы күні батпақ кешіп, әбігерге түсетін балаларым үшін жол салынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Анар Құлжанова,

көп балалы ана.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521