29 жасқа дейінгі жастар пәтер алуға мүмкіндігі бар

Қазақстанда жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы тұрғын үй алу ережелері енгізілді.

29 жасқа дейінгі қазақстандықтар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы пәтерлерде тұра алады. Кілттерді ағымдағы жылдың 16 желтоқсанын бастап береді. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының жастары жалдамалы пәтерге ие болуы үшін қандай құжат тапсыратыны белгілі болды деп хабарлайды Қазақпарат.

Толыққанды құжаттар тізімін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет айтып берді.

"Ережеге сәйкес, өтініш қабылдау басталғаннан кейін үміткерлер мынадай құжаттарды тапсыруы керек:

Өтініш, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, білімі туралы құжаттың көшірмесі, неке қию туралы құжаттың көшірмесі (бар болған жағдайда), балаларының тууы туралы куәліктің көшірмесі (бар болған жағдайда), өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама, жұмыс орнынан анықтама, өтініш берушінің банк шотының болуы және оның нөмірі туралы анықтама, банк шоты бойынша ақшаның қалдығы мен ай сайынғы айналымы туралы үзінді, өтініш берушінің түрлі қызмет саласындағы жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болған жағдайда)", - деді ол.

Қожахметтің сөзінше, құжаттар қабылданғаннан соң уәкілетті орган оның барлығын тексеріп, толықтығы мен сәйкестігін қарайды.

Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы осыдан кейін ұпайларға сәйкес санақ жүргізіліп, жалдамалы пәтер берілетін жастардың тізімі бекітілетінін айтты.

Ол бұл тізімге ұпайларды есептеу кезінде өтініш берушінің кәсібі, отбасылық жағдайы, жеке кәсіпкерлік қызметі, бюджеттік қызметтерде жұмыс істеуі, шоттарының жинақтары ескерілетінін жеткізді.

Қожахметтің айтуынша, балдары тең жағдайда өтінішті бірінші тапсырған жастарға басымдық беріледі.

Сондай-ақ, жастар табысы 40 АЕК-тен төмен болмауы керектігі белгілі болды.

"Мысалы, жалдамалы пәтер үшін жас жігіт 10-12 мың, оған қосымша коммуналдық шығындар үшін тағы 10-15 мың теңге төледі делік. Оның айлығы 110 мың теңге болса, яғни, ол жалақысының жартысының жартысын банкте бастапқа жарна ретінде жинай алады", - деді ол.

Айта кетейік, аталмыш бағдарлама бойынша осы жылы Нұр-Сұлтанда - 1050 пәтер, Алматыда - 1050 пәтер, Шымкентте - 904 пәтер беріледі.

Материал ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521