ads_hero

Сырлы сурет әлемі

Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Қазақстан және Қырғызстан республикаларының Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР «Парасат» орденінің иегері, композитор, суретші, публицист Илья Жақановтың шығармашылығына арналған сурет көрмесі өтті.

Шараны ұйымдастырушы облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейі қылқалам шеберінің жиырмадан астам туындысын талғампаз көрермендер назарына ұсынды. Мәдениет үйінің фойесіне қойылған сурет көрмесінің тұсаукесер рәсімін аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы кіріспе сөзбен ашты.

-Түсіне білген адамға рухани жаңғыру деген өте ауқымды ұғым. Ол-келісті келбет, көркем мінез, ішкі жан дүние байлығы мен шынайы сезімнің үйлесімділігі, яғни әр адамның мәдениетті, мәнді де, мағыналы өмір сүру дағдысын қалыптастыруы, өзін-өзі тәрбиелеуі,-деді көкбурыл шаштарын салалы саусақтарымен шалқасынан бір қайырып қойып, тебірене сөйлеген Илья ағамыз. Халқымыз «бұлақ көрсең, көзін аш» деп тектен-текке айтпаған. Өйткені жұмбақ жаратылысты адам бойында шымырлап буырқанған бұлақтың қайнары бұрқылдап қайнап жатады. Соны дер кезінде байқап, жас талантқа бағыт-бағдар беріп, балапандай баулып, қияға ұшырып жіберсе-ұлттық руханиятымызға теңіздің тамшысындай қосылған үлес болар еді. Сондықтан шәкірт тәрбиелеуге де ерекше көңіл бөлген жөн.

-Менің жасым 83-те,-деді сөзін одан әрі сабақтаған Илья ағамыз, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, К.Байсейітова сияқты ұлылардың көзін көріп, дариядай асып-тасып сөйлеген сөздерін тыңдадым. Міне, нағыз рухани бай адамдар. Жаратушы иеміз өзінің пейілі түскен адамын жарылқаудан жалықпайды. Менің де бойымда бірнеше өнердің ұшқындары шарпысып жатқанын жастайымнан сезініп өстім. Бірақ «дертпен тең сөз өнеріне» бүйрегім бұрып тұрды, сазгерлік қырым да ашыла түсті. Ара-тұра қолым қалт еткенде қылқаламмен кескіндемелер салуды машығыма айналдырдым. Отбасымызда менен кейінгі қарындасым кәсіби суретші болды, балам Бауыржан Ұлттық консерваторияның түлегі, Е.Рахмадиевтің фортепиано класын тәмамдаған, бауырыма басқан немеремнің де суретшілік қабілеті ашылып келеді. Соған қарап отбасымызда ұрпақ сабақтастығы жалғасып келе жатқандығына қуанамын.

Бұдан кейін Илья Жақанов шығармашылығын зерттеп жүрген журналист Т.Наурызәлі осыған дейін көшпелі сурет көрмесімен алты ауданда болғандығын айтып, ондағы халықтың өнерге, ұлттық құндылықтарға деген деген көзқарасы, алған әсері туралы баяндады. Көрменің лентасы қиылғаннан кейін көрермендер айшықты, буырқанған бояулар тіліндегі Илья Жақановтың әлемімен танысты. «Туған жер кім бар маған сенен ыстық, өйткені сенде туып, сенен ұштық» дегендей, сазгер-суретшінің бірқатар туындылары талай сырларды қойнауына бүгіп жатқан туған өлкесі-қарт Қаратауға арналыпты. Қаратау жотасы, Қаратау үңгірі, Қаратау қойнауы деп аталған туындылар майлы бояумен кенепке салыныпты. «Көлмекөл» кескіндемесі туралы Илья ағаның өзі қысқаша түсінік беріп өтті. «Жетіп біздер жығылдық Көлмекөлге, тап болсақ та, қиямет, көлденеңге, аштық қысып, сары ауру меңдегенде, өлі балық жолықты өлмегенге» деген халық аузындағы қара өлеңге арқау болған осы өзен. Илья ағамыздың айтуынша, сонау тарихта аты қалған ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама заманында елім-айлап ботадай боздаған қаралы көш Қаратау асып, етектегі Көлмеккөлге жетіп жығылып, жан шақырып, аман қалған көрінеді.

jahan1

Жоғары Талдыбұлақ, Қиянды қойтас, Балқаш кеші деп аталған картиналары да табиғат таңғажайыптарын көз алдыңа әкеледі. Жалпы Илья ағамыз табиғатпен етене, өзін табиғаттың бір бөлшегі санайды. Жайлаукөл кештері атты пейзажында мөлдіреп тұрған тұмса табиғат айна қатесіз полотноға қона қалған. Картинаның қасында тұрып, ыңылдап ән салғың келеді: «Алаулап күн батса, қырды асып...»

Жалпы сазгер-суретші ағамыздың екі жүзге тарта картинасы облыстық мұражайдың қоймасында сақтаулы жатқанын естіп, білдік. Неткен жанкештілік, неткен еңбекқорлық десеңізші! Осының бәріне қалай уақыт тауып жүр? Суреттерінің соңына салынған жылдары жазылған. Байқағанымыз, біразы 2017-2019 жылдары салынған. Яғни, талай жерді шарлаған шайыр жасы сексеннен асқан шағында қылқаламды кеңірдектен қысып, суретшілікке ден қойған. Жігітке жеті өнер аз дегендей, Илья ағамыздың осыдан бес-алты жыл бұрын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті атанып, суретші мамандығы бойынша диплом алғандығын да білетінбіз.

Бұдан шығатын қорытынды қандай?

Демек, Илья Жақанов өмір бойы оқып, ізденіп, өзін-өзі тәрбиелеп, рухани жаңғырып жүрген жан.

Шығармашылық кештің екінші бөлімі сазгердің әншілік қырын одан сайын жарқырата ашты. Жүрек қылын тербететін сырлы әндер тыңдармандардың қиялдарын шартарапқа самғатты. Өзінің шығармашылығына деген махамбеттіктердің ыстық ықыласын сезінген Илья ағамыз шабытты шалдықтырмай, киелі өнерді қастерлеп келе жатқандығы туралы ойларымен бөлісті. Өзінің көптен бері толғатып жүрген халықты асыраған Сыр анаға арнаған «Сырдария» әнін 81 жасында жазғанын паш етті.

-Мен бұл күнде төлқұжатыма айналған әйгілі «Еділ мен Жайық» әнін осы қыздың қос бұрымындай өрілген Ұлы өзендерді көрмей, білмей тұрып жаздым. Алатау асып, қырғыз ағайындарға бардым, қарт Қаратауды бөктерлеп, тарихпен тілдескендей болдым. Көкшетуадағы Бурабайға барып, Оқжетпес шыңына шығып, намысымды қайрап, рухымды сілкіндірдім. Қазақтың байтақ жері біртұтас, бұл менің Ұлы мекенім!-деді шыңырау құдықтың суындай мөлдірей қалған жанарын төңірекке төңкеріп. Сол бір риясыз пәк көңілмен баладай жаутаңдаған көзінің қарашығынан ұшқындаған жаһұт сәулелер кірпігіне ілініп, жан-жаққа шашылып жатқандай болды.

НҰРЫМ ЕРҒАЛИЕВ

Кенжегул

ads_hero