«Шыңырау Шәміл»

Жыршы, термеші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтай Атырау облысына шығармашылық сапары барысында аймақтағы тарихи киелі орындарда болды.

Бағдарламада белгіленген маршрут бойынша шекара асып, Ресейдің Астрахань облысына қарайтын Алтынжардағы Құрманғазы Сағырбаевтың мәңгі тыныстаған мекеніне тәу еткен Шәміл Бисенғалиұлы жолшыбай Құрманғазы, Исатай аудандарында жұртшылықпен жүздесіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мән-мағынасын терең талдап түсіндіріп, өзінің де шығармашылығына өріс ашты. Исатай ауданынан батырдың рухымен серпіліп, жолға шыққан Шәміл ағамыз сар желдіріп отырып, сиыр сәскеде Махамбетке жетіп келді. Өнер адамын ықыласпен қарсы алған Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали Бахуұлы қазақы қағидамен мәртебелі мейманның иығына шапан жауып, құттықтау хатын табыстады.

Күн аумай тұрып қазақ мемлекеттігін қалыптастыруда өзіндік үлестері бар, тарихта аты қалған жеті хан жерленген киелі Сарайшыққа жетуге асыққан Шәміл ағамыз алдымен мешітке бас сұғып, аруақтарға дұға бағыштады. «Хан Ордалы Сарайшық» мемлекеттік мекемесінің басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә.Мұқтаров Жібек жолы бойында орналасқан Қазақстанның көне астаналарының бірі-Сарайшықты зерттеу барысындағы соңғы жаңалықтардан хабардар етіп, қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлермен таныстырды.

Сарайшық ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Шыңырау Шәміл» атты шығармашылық кешті сазгердің рухани досы, үзеңгілес серігі Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Қойшығұл Жылқышиев жүргізіп отырды. «Исатай басшы, мен қосшы» дегендей, сахнада бірін-бірі демеп, толықтырып, өздерін еркін ұстаған қос күрең аудиторияны бірден баурап алды. Әрбір шығарма желісінде тарих тағылымына баса назар аударып, оны қазақ елінің тәуелсіздігімен ұштастырған Шәмілдің өзіндік қолтаңбасы айқын аңғарылып тұрды. Ордабұзар отызында сол кездегі Қазақстанның бірінші басшысы Д.Қонаевтың ресми қабылдауында болып, жастар саясаты жөнінде мәселе көтеріп, кейіннен Жастар одағы сыйлығына ие болған Шәміл Әбілтайдың жастарға үлгі боларлық өнегелі өмір жолы тыңдармандарын бей-жәй қалдырмады. Бір ет, бір май дегендей, төл туындыларының шығу тарихын баяндай отырып, күй мен термені кезекпе-кезек төкпектетті. Сазгердің «Домалақ ана», «Шақшақ Жәнібек», «Бекет ата», «Ұлытау» күйлері қазақ өнеріне қосылған өлшеусіз мұра деуге болады.

Сондай-ақ, күй атасы Құрманғазыны өзінің өнердегі пірі санайтын сазгер ұлы күйшінің «Қайран шешем», «Адай», «Төремұрат», «Ақбай» күйлерін шабыттана шерткенде шешен домбыраға кенеттен тіл бітіп, сөйлеп кеткендей болды. Залдан қойылған сұрақтарға да толыққанды жауап беріп, өзінің өмірлік серігі, өнердегі қолдаушысы Өрікгүл туралы жылы лебізін білдірді. Сөзінің соңында өзінің киелі Сарайшықта алғаш рет болып, ерекше әсерленіп отырғанын жеткізіп, Алла қолдаса, ерте ме, кеш пе «Сарайшық» атты бір тамаша күй дүниеге келуі ғажап емес деген ішкі түйсігін жайып салды.

Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521