«Auyl LIFE» өнер фестиваліне таңдайлықтардың тамаша тартуы

Жастар жылына орай ауданымызда «Auyl LIFE» өнер фестивалі жалғасын табуда.

Жұманың кешінде жастар саябағына жиналған халыққа таңдайлықтар тамаша тарту жасады. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жолғы концерттік бағдарлама бұрынғыдан өзгеше өтті.

Бақсай ауылдық округі жастарының концерттік бағдарламасы екі бөлімнен, оның алғашқысы ұлттық өнердің құндылығын арттыруға бағытталса, екіншісі заманауи эстрада-цирк жанрында өрбіді. Бойларында бурықанған жастықтың жалыны оттай лаулаған таңдайлық өнерпаздар әсем әндерін әулетіп, тәтті күйлерін күмбірлетіп, мың бұралған билерден шашу шашып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

70338

Думанды шара шымылдығы Бақсай ауылдық округінің әкімі Қайыржан Мәжиұлының құттықтау сөзімен ашылды.

Гүлбағила Шәмшиден орындауындағы халық әні «Ағайшаны» күй дегенде делебесі қозбайтын қазақ болған ба? Құйын саусақ Қаршығадай дәулескер күйші шыққан Таңдай аулында қос ішекті домбыраның құлағын бұрап, күй төгілткен күйшілер аз емес. Бүгінде Таңдай аулындағы орта мектеп Қаршыға Ахмедияровтың атымен аталады. Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін сіздерге жас күйші Нұр Ибатолла орындап берді. Қазанғаптың күйі «Ақжелеңді» қос домбырашының домбыраның екі шегін үйлестіріп,екі дауыста орындауында тыңдап көрейікші.

701425

Таңдай топырағынан түлеп ұшқан аға буын ақындардың ізін басып келе жатқан жас буындар аз емес. Солардың бірі Дильназ Үмбет «Жастық» тақырыбындағы жырын оқыды. Бақсай ауылдық округі мен көршілес Исатай ауданындағы Тұщықұдық ауылдық округі арасында тығыз мәдени байланыс орнаған. Аталған шараға осы округтен келген Нұрбай Сапар мен Есентай Әбілхайыр таңдайлық жас өнерпаз Ерік Шәмшиденмен бірге күй тартысқа шықты.

7075142

Бақсай ауылдық әкімі аппаратының жанынан «Гүлдер-ай» атты бишілер тобы құрылғанын бірі білсе бірі білмес. Қызметінің қиындығына қарамастан бимен шұғылдануға уақыт таба білген өнерлі қыздар «Қазақ» биін биледі.

71076473_1

Концерттің екінші бөлімі эстрада-цирк жанрына ұласты. Шараны жас өнерпаздар Нұрай Жұмагерейқызы, Ералхан Сәкембай, Нұрлан Сағынов әсем әнмен әрлесе, Құрманғазы күйлерін орындаушылардың 7-ші республикалық байқауының дипломанты,шертер аспабын орындаудың шебері Наурызбек Жұмағалиев қазақ әндерінің топтамасын назарға ұсынды.

Таңдай ауылдық мәдениет үйі жанындағы бишілер үйірмесінің жетекшісі Роза Өтепқалиева бүлдіршін бишілермен жемісті жұмыс жасап келеді. Жас бүлдіршіндер акробатикалық хип-хоп, ал, «Наз» бишілер тобы «Өзбек» билерін орындады. Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектептің жас ұстаздары дайындаған үнсіз қимыл арқылы сахнада көп жәйді аңғартатын ерекше жанр пантомимо көңілден шықты.

Таңдайлық жастардың «Auyl LIFE» өнер фестиваліне дайындаған концерттік бағдарламасы «Жастар» биімен аяқталды.

Балнұр САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521