Өнегелі ісімен үлгі болған аяулы ұстаз Нұрайна

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап келе жатқан Нұрайна Тілеуғазықызы.

Өмірінің 30 жылын О.Шонаев орта мектебінде шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған аяулы ұстаз, бүгінде ауданымыздағы №8 психологиялық-педагогикалық  түзеу кабинетінің меңгерушісі.

nyraina2603201

Қазіргі Жылой ауданының аумағында, Мұнайлы кенінен 20 км шығыста бір кездері Биікжал деген мұнайшылар қалашығы болған. Мұнай кен орнының ашылуына байланысты құрылған елді мекен Биікжал тұз күмбезіне орнатылған. Осынау шағын қалашықта 1964 жылы біздің кейіпкеріміз өмірге келген. Бір экспедицияда басшылық қызмет атқарған әкесі Тілеуғазы өте талапшыл адам болады. Жұмыс барысында қызметкерлерінен жауапкершілікті талап етсе, отбасында 4 ұлы мен 3 қызын да темірдей тәртіпке үйретеді. Әкесі де, анасы да бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Даланың шаруасына да, үйдің тірлігіне де жауапкершілікпен қарауды түйсіндіреді. Әкесінің бойындағы талапшылдықты бойына сіңірген Нұрайна Тілеубергенова сабақты жақсы оқып, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Жоғары сыныпта комсомол комитетін басқарады.

nyraina2603202

-5 сыныпта бізге Дәмел Тәниева деген мұғалім сынып жетекші болып келді. Мектепті бітіргенше сол кісінің тәрбиесінде болдық. Ұстазымыз қатал адам еді. Әсіресе қыздарға қатты қарады. Қаталдығына қарамастан бәріміз оны қатты жақсы көрдік. Сол апайға ұқсап мұғалім болуды армандадық, – дейді Нұрайна Тілеуғазықызы.

1982 жылы Биікжал орта мектебін аяқтаған соң ұстазына ұқсауды армандап, сол арманның жетегіне ілесіп, Атырау педагогикалық университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. Студенттік кезеңнің қызықтарын бастан өткереді. Оқып жүріп болашақ жарын кездестіреді. Махамбеттік Жаңабай Ермекбаев деген жігітпен көңіл жарастырып, 1985 жылы Махамбет ауданы, Есбол ауылына келін болып түседі. Өзінің туған ауылында қалыптасқан өмір салтынан мүлде бөлек, қазақы ауылдың тыныс-тіршілігіне үлкен абысыны Несібелінің көмегімен тастай батып, судай сіңеді. Үш қыз бен бір ұлды өмірге әкеліп, өсіріп,тәрбиелейді.

- Енем 10 баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана. Мен туып-өскен Биікжал қалашығында адамдар үйден от жақпайтын. Жылу қазандығы бір жерден жағылатын. Нанды арнайы наубайханада пісіретін. Үлкен абысыным Несібеліден көп нәрсе үйрендім. От жағуды, нан басуды, қонақ күтуді меңгердім. Қайынсіңлім Насихадан да үйренгенім көп болды. Жолдасым Жаңабай да үнемі қолдау көрсетіп, жанымнан табылудан жалыққан емес,– дейді кейіпкеріміз.

1987 жылы жоғары оқу орнын бітірген Нұрайна Тілеуғазықызы алғашқы еңбек жолын О.Шонаев атындағы орта мектептен бастайды. Осы жерде табан аудармастан 30 жыл еңбек етеді.

-Алғаш еңбек жолымды бастағанда қолдау көрсетіп, қолтығымнан демеген Серік Аманғалиев, Марат Мырзашев сынды ағаларым болды. Рая Кәренқызының орны бір бөлек. Ол кісіден алған тәрбием мен білімімді өмір бойы қажетіме жаратып келемін. Гүлнәр Аманғалиева, Айгүл Бердешқызы, Бәтима Бимағамбетова, Мұсташ Есенғалиев, Асылбек Бисенғалиев сияқты педагогтардың жақсы жақтарын өзіме өнеге тұттым. Ақыл-кеңестерін алдым. Осы мектепте лаборант та, пионер вожатый да болдым. Адамның адамдығын танытатын өзін-өзі тану пәнінен де сабақ бердім. Екінші оқу орнын педагогика- психология мамандығы бойынша бітіріп, 2010 жылдан бастап педагог-психолог болып еңбек еттім. Сынып жетекшісі болып үш сынып шығардым. Өзім жетекшілік еткен оқушыларыма жақсы тәрбие бере алдым деп нық сеніммен айта аламын. Оқушыларымның бірі Марта Қабдрахманова Е.Ағелеуов орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Бинура Құбашева осы мектептің педагог-психологі, Еркебұлан Ниязов, Артур Қожантаев атты оқушыларым ауданға белгілі кәсіпкер атанды. Жәнібек Хасанов деген шәкіртім мұнай саласында қызмет етеді. Динара Сапенова тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасында бір бөлімді басқарып отырған білікті маман. Бақытбек Абуталин ішкі істер бөлімінде еңбек етеді. Осы оқушыларымның бүгінгі жеткен жетістігіне қарап отырып, берген тәрбиемнің зая кетпегеніне қуанамын. Оқушыларыммен мақтанамын.

Отыз жыл бойын табан аудармастан бір жерде еңбек еткен Нұрайна Тілеуғазықызы 2018 жылы қараша айында Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің басшысы қызметіне тағайындалады. Аудандағы бірден-бір мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бұл мекеме 2005 жылы ашылған.

-Мекеменің ашылуына көп еңбек сіңірген Асылбек Бисенғалиев 15 жыл бойына басшы болып отырды. Ал Әділбек Губайдуллин ағай көп жылдар бойына әдіскер болып еңбек етті. Алғашқыда саз мектебінің, «Жауқазын» балабақшасының, кейін аудандық емхананың бөлмелерін жалға алып жұмыс жасаған. 2018 жылы ғана Гүлзада Қорғанбайқызы аудандық білім бөлімінің басшысы болып тұрғанда, балабақшалардың біріктірілуіне байланысты босап қалған «Қызғалдақ» балабақшасының ғимаратын мекемеге алып беруге ықпал етті. Осыдан соң жеке кабинет болып ашылдық. Хал-қадірімізше жөндеу жұмысын жүргізіп, бөлек кабинеттер жасақтадық, – дейді психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің басшысы.

Бұл мекемеден 2 жастан 18 жасқа дейінгі көру, есту, сөйлеу қабілеттері тежелген, тірек қимыл аппаратында, зердесінде бұзылыстары бар , психикалық дамуы тежелген, эмоциялық ерік әрекетінде және мінез құлқында ауытқулары бар балалар білім алады. Сабақтың ұзақтығы баланың жасына байланысты. Жеке сабақтар 20-30 минут. 2-5 жас аралығындағы мектепке дейінгі кіші жастағы балаларға арналған топтың сабақтары 35-40 минутты құрайды. 5-7 және мектеп жасындағы 6-18 жасқа дейінгі балаларға арналған топтық сабақтар 35 минуттан тұрады. Мекемеде логопед, психолог, дефектолог, тәрбиеші, ЛПК маманы, врач және медбике балаларға қызмет көрсетеді. Ата-аналар сабаққа қатысып, массажды қалай жасайтынын көріп отырады. Үйге барған соң өздері көргендерін қайталап жасайды. -Күні бүгін орталықта 79 бала білім алуда. Мектептерде балалардың көрсеткіші білім сапасымен өлшенсе, бізде балалардың денсаулығының дұрысталуымен көрінеді. Жылына бір рет өткізілетін комиссия кезінде, енді келуді қажет етпейтін балалармен қоштасамыз. Биыл 15 бала есептен шығарылады деген үмітіміз бар. Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі балалар саны азайып, сау балалардың қатарына қосылып жатса біз үшін бұл үлкен жетістік, баға жетпес бақыт болып саналады, – дейді Нұрайна Тілеубергенова.

Кейіпкеріміз жоғарыда алғысын білдіріп өткен үлкен абысыны Несібелі Нұрбауқызы бес келінінің арасынан Нұрайнаны ерекше жақсы көретінін айтады.

-Нұрайна біздің әулетке студент кезінде келді. Кіп-кішкене болғанына қарамастан білмегенін үйреніп алуға тырысып бағатын. Үнемі көңілді жүретін. Көпшіл, жайдары мінезімен күйеуінің тума-туыстарын бірден баурап алды. Бүгінде ата-енеміз өмірден өтіп кетті. Әулеттің барлық шаруасын осы келініммен ақылдасып, бірлесіп атқарамыз. Қайным Жаңабай екеуі ұл-қыз өсіріп отырған өнегелі отбасы. Жұмысында да беделді келініммен мақтанамын, – дейді Несібелі апай.

Ал, О.Шонаев орта мектебінде ұзақ жыл жұмыстас болған әріптесі әрі досы Ләззат Ұлықпанова құрбысының жан-жақты ойлайтын, адамгершіліг мол, үнемі қол ұшын созуға дайын тұратын, көп ізденетін, білімін жетілдіріп отырудан шаршамайтын жан екенін жеткізді.

-Мен Нұрайнаны әсіресе білікті психолог ретінде мойындаймын. Ол әрдайым әр баланың жан дүниесіне терең үңіліп, жеке жұмыс жасайтын. Балалармен тез тіл табысатын. Оқушылар да оны қатты жақсы көретін, – дейді ол.

Педагогикалық-психологиялық түзеу орталығының психологі Бану Қожанова әріптесінің еңбекқорлығына тәнті екенін білдірді.

-Нұрайна Тілеуғазықызы іскер басшы. Сырттың да, іштің де жұмысына бірдей жүреді. Өте қарапайым. Іштегі азаматтар ауланың жұмыстарына үлгере алмай жатса, қолына күрек алып жер қазуға да дайын тұрады.Әдемілікті жаны сүйеді. Терек отырғызғанды жақсы көреді. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Артық сөзі жоқ. Өтірік пен өсекке жаны қас. Ұжымдағы әр қызметкерге аналық мейіріммен қарайды. Басшымыздан үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп, – дейді әріптесі.

Талапшылдығы, еңбексүйгіштігі, тұрақтылығы, табандылығы, тиянақтылығы, теориялық, практикалық білгірлігі, ұйымдастырушылық іскерлігі, ішкі, сыртқы мәдениеттілігі, сыпайылығы, қарапайымдылығы, кішілігі мен кісілігі өз өмірінде қол жеткізген жетістігінің қайнар бұлағы деп есептейтін Нұрайна Тілеуғазықызының өмірлік ұстанымы: «Бақыттың кілті еңбекте».

Баян СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521