«Тәуекел ет те, тас жұт» кәсіпкер Еркебұланның басты ұстанымы осындай

Өз мүмкіндігіне сене білген, алға ұмтылған әр азамат небір сыннан сүрінбей өтіп, биік белестерді бағындыра алады. Ол үшін адамға биік мақсат, сол мақсатқа жету жолындағы ерік-жігер қажет. Кез келген адамның кәсіпкер болып кете алмайтыны да сондықтан. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, 21 жасында ауданымыздағы тәуелсіздіктің алғашқы фотосалонын ашқан Еркебұлан Ниязов.

Еркебұлан орта мектепті аяқтаған соң, ата-анасының ақылымен Көкшетау қаласындағы Абай Мырзахметов атындағы университетке, мемлекет және жергілікті басқару мамандығы бойынша оқуға түседі. Студенттерге ең көп берілетін тапсырма реферат, курстық жұмыстар жазу екені белгілі. Осындай жазған жұмыстарын фотосалондарға барып басқызып, шығартуға тура келеді. «Болар бала жасынан» дегендей, шаруасымен барған кезінде, фотосалондағы қайнап жатқан тірлікке зер сала қарап, фотографтардың жұмысына қызығушылығы оянады. Ақыры бұл жұмыс менің қолымнан келеді деген шешімге келеді. 2 курстан бастап қолына фотоаппаратын алып, фотоға түсіруге кіріседі. Бірте-бірте бұл кәсібі өзін баурап алады. Адамдарға қуаныш сыйлайды әрі ақша табады. Студенттік жылдарда астаналық Әсем атты арумен көңіл жарастырып, жоғары оқу орнын аяқтаған соң, ауылға дипломмен бірге аппақ келін алып келеді. Қазақта келіннің аяғынан, қойшының таяғынан деген сөз бар. Еркебұланның қондырған құсы басына бақ болып қонады. Келген келін құтты келін болып, жігерлі жас көп ұзамай бір ғимаратты жалға алып, ауылдан өзінің фотосалонын ашады. Ауданымызда 2007 жылы «Азат» фотосалоны өз жұмысын бастайды. Адамдар фото шығару үшін, құттықтау хат, студенттер диплом, курстық жұмыс, рефераттарын жаздыру үшін, мұғалімдер мен тәрбиешілер сабақтарына қажетті көрнекіліктерін шығарту үшін «Азатқа» қарай ағылады.

Ол кезеңде ауылда мұндай кәсіппен айналысатын адам жоқ еді. Кеңес кезіндегі фотосалондар жабылып қалған. Ауыл халқы фотоға, төлқұжатқа түсу үшін сабылып қалаға баратын. Ендігі жерде бұл қиындық шешілгеніне халық та дән риза. Халыққа қызмет көрсете алғаны үшін жас кәсіпкер де мәз-мәйрам болады. Армансыз адам қанатсыз құспен тең дегендей, кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер ендігі жерде, жалға алған ғимаратта отырмай, жеке ғимарат салуды армандайды. Армандап отыра бермей, әрекет жасап, өзінің қаржысына Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы несие алып, қосып, ауданның орталығынан заманауи, екі қатарлы ғимарат тұрғызады. Оған өзінің Айдана, Темірлан атты ұлы мен қызының есімдерінің алғашқы буындарын жалғап, «Ай-Темір» деген атау береді.

- Менің мұндай жетістікке жеткенім ең алдымен Алланың арқасы. Содан соң ата-анам мен адал жарымның қолдауының нәтижесі. Бұған қоса өзімнің алға қойған мақсатымды орындамай тынбайтын, тәуекелшіл қасиетімнің де пайдасы тиді ғой деп ойлаймын.

Кез-келген адам өзінің кәсібін бастағысы келсе ең алдымен оған тәуекел керек деп ойлаймын. Ал қаржы жағына келер болсақ, қазір кәсіпкерлерді Елбасының өзі қолдап отыр. Кәсібін ашамын деген адамға қолдау көрсететін, аз пайызбен қаржылай несие беретін бағдарламалар өте көп. Тіпті, егер ауданда мүлде жоқ кәсіп түрін ашқан адамға қайтарымсыз берілетін қаржылай қолдау түрі де бар. Сондықтан кәсіп ашайын деп едім қаржы жоқ деген сылтау емес деп ойлаймын. Жас кезімде фототүсіру өнеріне қатты қызығушылық танытып, осы саланы дөңгелетіп кеткеніммен, болашақта мамандығым бойынша жұмыс жасау ойымда бар,- дейді Еркебұланның өзі.

Алла адамға бақ бергенде, сол адамның бақты көтере алатынын немесе көтере алмайтынын сынайды екен. Алла берген бақты баянды етудің бір амалы қайырымдылықты көбірек жасау болып саналады. Әрдайым жоқ жітікке көмек қолын созып жүрген адамға сауап та көп жазылады. Неғұрлым қайырымдылықты көбірек жасаған сайын адамның дәулеті де соғұрлым арта түсері сөзсіз. Біздің кейіпкеріміз осы ұстанымды бір кісідей ұстанады. Ауданға аты қайырымдылықты көп жасайтын жас кәсіпкер ретінде де мәлім. Еркебұлан бүгінде ата-анасының, бауырларының, алған жарының, екі қыз бен бір ұлының қамқоршысы. Ата-анасының ғана емес халықтың ұлы атанып жүрген кәсіпкердің өмірі көпке үлгі боларлықтай-ақ.

Б.СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521