Сырнайымен күй әлемін бағындырған Мұхаддас Ғабдиев шығармашылық концертін өткізді

Белгілі домбырашы, күй өнерін насихаттаушылардың бірі, ҚР Халық әртісі, «күй қағаны» атанған Рысбай Ғабдиевтің дарынды да талантты, сырнайшы ұлы Мұхаддас Ғабдиев «Өнерпаз» мәдениет үйінде шығармашылық концертін өткізді.

Сахнаға шыққан Мұхаддас Рысбайұлы баянда бірнеше симфониялық шығармалар, қазақ күйшілері Құрманғазы, Дәулеткерейдің күйлерін құйқылжыта, нақышына келтіре орындап шықты. Онымен бірге ере келген бауыры Арыстанбек Ғабдиев те сахнаға шығып, «Қоштасу», Динаның «8 март» күйлерін қазақтың қос шекті қара домбырасында орындап, жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды.

Сәл тыныстап алған Мұхаддас Рысбайұлы махамбеттіктерге баянда қазақтың күй дүлдүлі Құрманғазының «Байжұма», «Адай» күйлерін орындауға көшті. Құлаққа жағымды, әсем дауысты Д.Нұрпейісова атындағы өнер академиясының жанындағы Атырау музыка колледжінің студенті Ануар Күртебай «Түнгі лирика» әнімен көпшілікті баурап алса, студент Сая Махамбеттің әуелете шырқаған әні де жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сырнайдың құлағында шебер ойнаған Мұхаддас күйші «Ассоlеns» шығармасымен көпті тәнті ете білді. Өнер кешінде біз әлемге әйгілі сырнайшының жеті шығармасын тыңдадық. Концерт соңында аудан әкімі Сырым Мұратұлы Мұхаддастың шыққан жерін, белгілі домбырашы, күй өнерін насихаттаушы, ҚР Халық әртісі Р.Ғабдиевтің ұлы екенін ел-жұрт жақсы білетінін, баянды шебер меңгергеніне, оның қазақ күйлерін еркін сырнайға салғанына тәнті болғанын жасырмады.

Онымен бірге ере келген ізбасарларына, шәкірттеріне табыстар пен сәттіліктер тіледі. Өз кезегінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сырнайшы М.Ғабдиев те жылышыраймен қарсы алған махамбеттіктерге, қолдау білдірген аудандық әкімдікке өз ризашылығын білдірді.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521