Шекара шебіндегі шайқас

7 сәуір Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан 17 жауынгерді еске алу күні болғандықтан бұл күн елімізде 23-ші рет атап өтілді.

Сонау 1995 жылдың 7 сәуірінде бір топ қазақстандық сарбаздар Пшихавр шатқалында моджахедтердің шабуылына ұшыраған-ды. Қарулы қақтығыс төрт сағатқа созылыпты. Соның салдарынан 17 жауынгер көз жұмып, 33-і әртүрлі деңгейдегі жарақаттар алған. Жалпы ҚР Жоғарғы Кеңесінің қаулысына сәйкес 1993-1999 жылдар аралығында еліміздің Ішкі әскери жедел мақсаттағы бөлімінің 2 мыңнан астам жауынгері мен офицері ҚР жеке атқыштар батальоны құрамында Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік міндеттерін орындаған. Ішкі әскерлер жауынгерлері үшін 1995 жылдың 7 сәуірі қаралы, қайғылы күнге айналды. Осыдан 23 жыл бұрын Тәжікстан Республикасының Пшихавр тау шатқалында күші басым банда тобымен арадағы қарулы қақтығыс 17 жауынгердің өмірін қиып, көпшілігі ауыр жараланған болатын. Дегенмен, қазақстандық жауынгерлер өздерінің әскери міндетін абыроймен орындап, әскери антқа адалдық танытты. Қазақ батальонының абыройына нұқсан келтірмеді. Бүгінде Тәжікстандағы аталмыш тау шатқалында ескерткіш тақта орнатылған. 1996 жылдың 20 қарашасында ҚР Президентінің №3227 Жарлығымен ТМД сыртқы шекарасын қорғау барысында жауынгерлердің 5-і ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, 12-і «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған-ды. 2014 жылдың 7 сәуірінде Астана қаласында шекарашыларға арналған ескерткіш бой көтерген.

ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Осыдан жиырма үш жыл бұрын Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан интернационалист-жауынгерлер С.Жалмурзин мен Х.Дүсіповке өздері оқыған Алмалы, Қосарал орта мектептері қабырғасында ескертіш тақта орнатылған-ды.

Небәрі 20 жасында Сәтжан Хиданұлы ерлікпен қаза тапқан еді. Есіл ер Сәтжан Жалмурзиннің артында анасы Күнімай, бауырлары қалды. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына сол кезде анасы Күнімай, бауыры Мирас Еркебұланұлы, аудан әкімінің орынбасары М.Жұмахметұлы, Алмалы ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы С.Зиноллаев қатысқан болатын.

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің берген дереккөзіне сүйенсек, кіші сержант Жалмурзин Сатжан Хиданович 1978 жылдың 5 шілдесінде туған, Махамбет АҚІЖБ-нен 1996 жылдың 29 қазанында 18404 әскери бөліміне Отан алдындағы әскери борышын өтеуге кетіп, 23.ІХ.1998 жылы қайтыс болған. Ал қатардағы жауынгер Дусупов Хайнолла Куатбаевич 1975 жылдың 23 қарашасында туған, Махамбет АҚІЖБ-нен 1993 жылдың 6 қазанында әскер қатарына 5485 әскери бөліміне кетіп, 2.03. 1995 жылы қайтыс болған.

Жалпы Ортақшыл ауылының азаматы Хайнолла Қуатбайұлы Дүсіпов те ғажайып ерліктің үлгісін көрсеткен. Жауынгердің туған ауылы Ортақшылдағы өзі оқыған Қосарал орта мектебінің қабырғасына 2015 жылдың қазан айында ескерткіш тақта ашылып, ашылу салтанатына Хайнолланың анасы Нұрзия Тынышқызы, апасы Гүлнар Қуатбайқызы, іні-бауырлары, жиендері түгел жиналған еді. Онда Тәжік-Ауған шекарасында соғыс қимылдарына және әскери қақтығыстарға қатысушылар Одағы республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау филиалының төрағасы Қ.Қадырғалиев Тәжік-Ауған шекарасында 8755 азамат жауынгерлік борышын адал өтегендерін, солардың қатарында Х.Дүсіпов те болғанын айтып, анасы Нұрзияға «Алғыс хат» тапсырғаны есімізде. Апасы Гүлнар туған бауыры Ғайнолла елгезек, бауырмал, зерек, қарапайым, мейірімді, қайырымды, тәрбиелі, спортшы болғанын айтып еді. Сыныптас құрдасы Көптілеу Мұхамбетшин оның дос-жаранға адал, ізетті, қамқор, кішіпейіл, еңбекқор, қолында барын бөлісетін көпшіл, тез тіл табысқыш, жанашыр құрдасының ғұмыры тым қысқа болғанын тебірене айтып, арнаған өлең жолдарын оқыды. Ауылдағы еңбек ардагері А.Салтанов Ғайнолланың қарапайым малшы отбасынан шыққанын, көпшіл, ақкөңіл жан болғанын еске алғанын айта кеткен орынды. Жауынгер оқыған мектепте фотосуреттерімен стенд пен «Даңқ» бұрышы жасақталыпты. Мерейлі датаға орай іс-шаралар ұйымдастырылған.

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде Махамбет ауданы бойынша Тәжік-Ауған шекарасында Отан алдындағы әскери міндетін өтеген 23 жауынгер есепте тұрады. Атап айтсақ, олар кіші сержант Даулетов Алибек Байкабылович, жауынгер Кабдешов Руслан Кусайнович(Алмалы), старшина Акбатыров Арман Кадыргалиевич(Бейбарыс), жауынгер Шаукенов Амантай Акконаевич, старшина Каленов Данияр Сапаргалиевич, кіші сержант Каспаев Рустам Турегалиевич(Таңдай), жауынгерлер Узакбаев Нуржан Тлегенович, Кошанов Асхат Насипбаевич, аға сержанттар Куатбаев Бернар Нурбердиевич, Туленов Нургельді Ибрагимович(Алға), сержант Айтжанов Амантай Алпамысович, жауынгерлер Имангазиев Ерболат Егешович, Оразов Жанболат Егешович, старшина Рысжанов Акан Кадыржанович(Есбол), жауынгер Уразгалиев Райымбек Багитжанович(Жалғансай), аға сержанттар Габибуллин Арыстанбек Мутиевич, Аменов Ерлан Амангельдиевич, жауынгер Шугайпов Даурен Гарифоллаевич(Сарайшық), жауынгер Даулетьяров Асылбек Тулегенович, сержант Бисалиев Серік Кайсарович, кіші сержант Гуртовой Александр Борисович, жауынгер Бисенгалиев Руфат Дюсенбаевич(Махамбет) сынды азаматтар Отан алдындағы әскери борышын ең қауіпті нүкте саналған Тәжік-Ауған шекарасында өтегенін білдік. Жалпы 1993-2001 жылдар аралығында бірнеше мыңдаған қазақстандық сарбаздар ТМД-ның оңтүстік аумақтарында заңсыз қару, есірткі тасыған қылмыстық топтармен күрескен еді. Қолда бар интернет материалдарына сүйенсек, ақтөбелік Тәжік-Ауған соғысының ардагері Сергей Гафаров өз естелігінде Тәжік-Ауған шекарасында 1996 жылдың қарашасынан 1997 жылдың ақпанына дейін шекарада қызмет еткенін айтқан екен. «Қиындықсыз соғыс бола ма? Ең бір ерекше қалатын қиыншылық — судың тапшылығы еді. Сонымен қатар көз алдында қас-қағым сәтте күлге айналған әскери техникаларды көргенін» еске алса, «Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушы ардагерлер Одағы» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы Н.Құлтаев Тәжік-Ауған шекарасына аттанған сарбаздар Қазақстан егемендік алғаннан кейін сыртқа шыққан алғашқы әскер болғанын айтқанын оқыған едік.

Жат елдің шекарасын күзетуді, ондағы бастан кешкен қиындықтарды сол жерде әскери борышын өтеген жауынгерлер ғана біледі. Қаншама қиындықты бастан кешсе де, өмірлеріне қанша қауіп төнсе де сарбаздар өз антына адал болды. Олар шекара шебін тастап кетпеді, бар қиындық атаулыға төтеп берді. Жалпы Тәжік-Ауған шекарасындағы соғыс ресми түрде 1998 жылы аяқталғанымен, қазақ жауынгерлері 2001 жылға дейін шекара күзетінде тұрған көрінеді. Сонымен қатар ардагер-жауынгер Қ.Сатпаев өз естелігінде бір кездері Тәжік-Ауған шекарасында 7 рота құрамында 3-ші взвод командирі болғанын, өз міндеттерін қазіргі уақытта барлық елдерде болып жатқан терроризмді ауыздықтау, алдын алу мақсатында тапсырмаларын адал, абыроймен атқарғанын жазғанын оқыған едік. Еліміздің басқа қалалары сияқты Атырау қаласында да Ауған соғысы және Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқандарға арналған ескерткіш ашылған. Иә, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Еліміз батырларының ерлік істерін әрдайым есте сақтайды.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521